Бұрын қандай еді, қазір қалай өзгерді?
Уақыт өткен сайын қоғам өзгере береді ғой. Оған заң, трагедия, уақыт, сырттан келген тренд, жаңа құндылық — бәрі ықпал етеді.
— 2000 ж. ортасында Шаншарда өз әйеліңді ұрмағанда басқа біреудің әйелін ұрасың ба деген әзілге Республика сарайындағылар ду күлген. Қазір мұндай сөзді айтса, әйелдер қауымы ондай актерді «жеп қояды».
— Осыдан 5-6 жыл бұрын әкеміздің қас-қабағынан қорқып, қашып кетуші едік деп сұхбат бергендер, пост жазғандар көп болушы еді. Қазір ондай ойлар көрінбейді. Оның орнын баланы ұрма деген ұғым басты.
— 2000 ж. басында біреу ажырасып келіпті десе, кәдімгідей оқыс оқиға болатын. Қазір көптеген подкасттың басты тақырыбы. Ажырасу процесі толық сипатталады.
— Ертеректе бір үйден ұл оқыса жетеді, қыз күйеуге тиеді деген түсінік бар еді. Таршылықтан шығар. Қазір дипломсыз бойжеткен тым сирек-ау. Phd докторант қыздар да көп.
— Бұрын дін күнделікті тұрмыста ораза, жаназа, бата берудегі ауминмен шектелетін. Қазір діннің көрінісін бір постқа сыйдыра алмайсың. Жаман әдеттен тыйылғаны да, қаба сақал қойғаны да, қара никаб кигені де бар. Дін аясында бизнес курс ашып, тауар сататындар да бар.
— 90-2000 ж.ж шетелге орыс, неміс және басқа ұлт өкілдері көшетін. Еліне оралды деуші едік. Қазір жақсы өмір іздеп, жыраққа көшіп жатқан қазақтар да аз емес.
Қоғам өзгеріп, өмір жалғаса береді.
Тек адамшылықтан алыс кетпеген абзал. Заманың түлкі болса, тазы боп шал деп жаңа қулық-сұмдықты үйрене берсең, адами келбетіңнен түк қалмауы мүмкін.
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, сарапшы.
Facebook жазбасынан.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.