Черчесовтің тұсында футболшылар бір рет гол сала алмады

0
57

Биыл маусым айында ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына Станислав Черчесов тағайындалғалы бері Қазақстан бірде бір матчта жеңіске жеткен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Станислав Черчесов ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына 3 маусым күні ресми түрде кірісті. Алайда ұлттық құраманың бапкері ретінде алғашқы кездесуін 9 қыркүйек күні өткізді. Алғашқы кездесуінде-ақ Словениядан 0:3 есебімен ойсырай ұтылған.

Осы уақыт аралығында Қазақстан командасы төрт матч өткізіп, бірде біреуінде жеңіске жете алмаған. Ұлттық құрамамыз тіпті осы аралықта қарсыластар командасына бір гол да соға алған жоқ. Ал өз қақпасына 10 гол жіберіп алды.

Нақтырақ айтар болсақ, төрт матчтың нәтижесі төмендегідей:

Словения 3:0 Қазақстан. Голдар: Беньямин Шешко 23, 28, 63;

Аустрия 4:0 Қазақстан. Голдар: Кристоф Баумгартнер 10, Филипп Линхарт 53, Марсель Забитцер 56, Маттиас Зайдль 79;

Қазақстан 0:1 Словения. Гол: Ян Млакар 55;

Қазақстан 0:2 Аустрия. Голдар: Кристорф Баумгартнер 15, Михаэль Григорич 25.

Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық жанкүйерлер Алматыда Аустрияға қарсы матчта Станислав Черчесовті сөзбен қуған болатын.

Станислав Черчесов ұлттық құраманың бас бапкері болып биыл маусым айында тағайындалған. Алғашқы баспасөз конференциясынан бастап ресейлік бапкердің басы даудан арылмай келеді. Қазақ тілі туралы әзілдеймін деп 700 мың теңгеден аса айыппұл арқалады. Тіпті, спорт министрінің де мәлімдеме жасауына тура келді.

Станислав Черчесовтің ұлттық құрамамен келісімшарты 2026 жылға дейін жарамды. Ал оның ай сайынғы жалақысы 45 млн теңгеге жуықтайтыны туралы журналист Диас Нұрақын жазған.

Өз кезегінде Қазақстан футбол федерациясы ресми мәлімдеме жасап, бұл ақпаратты жоққа шығарған.