Дана Нұржігіт өз өмірі үшін тәуекелге баруға мәжбүр болғанын айтты

0
288

Тележүргізуші Дана Нұржігіт екіжүзді өмір сүрмеу үшін тәуекелге баруға мәжбүр болғанын айтты.

«Ардақ Назаровтың депутаттық сауалын тыңдадым. Несіне таңғаламыз?! Жалпы, қоғамда ажырасқандар туралы пікір осындай.  «Жалғызбасты әйелдің етегін не ел ашады, не жел ашады. Соны біле тұра өтірік «статусқа», екі жүзді өмірге бара алмайтын өзім тәуекел еттім кезінде! Еш өкінбеймін. Иә, ұл баланы жалғыз көтеру, әке де, шеше де болу оңай емес! Бірақ екеуара «мұз» болған жерде балаға қандай махаббат бере аласыз?! Өтірік, екіжүзділік нормаға айналған жерде не жақсылық болады?! Ал физикалық қысым, күнде жанжал бар жерде ше?!», – деп жазды Дана Нұржігіт желідегі парақшасында.

Ол Назаров айтқан статистика шошытқанын, оның себебін зерттейтін уақыт келгенін атап өтті.

«Бір де бір адам ажырасамын деп қосылмайды! Әр түрлі жағдай, себеп бар. Депутат келтірген деректегі 400 мың жалғызбасты ана, 60 мың жалғызбасты әке отбасы институтын түбегейлі әлеуметтік зерттеуден, сараптаудан өткізу керек деген сөз. Соған қарай «Неке және отбасы» кодексін қайта қарау керек деген қызыл белгі бұл! Ал ажырасқандарға салық салу керек дегені тіпті абсурд! Адамды еркінен тыс қасыңда ұстау, салыққа ұшыраймыз деп ажыраспау ма бұл?! Ақылға сыймайтын мәжбүрлеу ғой мынау! Адам құқығы қайда қалды сонда, депутат мырза? Отбасы институтын дәл осындай радикалды формада «қорғамасаңыз» етті…», – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ажырасатын жұптарға салық салуды ұсынған болатын. Оның пікірінше, ажырасуды тек екі адамның жеке мәселесі ретінде қарауға болмайды. Бұл – ұлт болашағына төнген қауіп.