Оқулыққа жұмсалған 16 млрд теңгені сөз етпей, орынсыз жобаларға кеткен миллиардтарды неге айтпайды?

Демалыс күндері жай жатпай, мазалаған біраз сұрақтарды ой елегінен өткізетін сәттер болады. Сондай сұрақтардың бірі білім саласының айналасындағы жәйттар.
***
Күн тәртібінен түспей келе жатқан, үнемі көтерілетін мәселелердің бірі ол педагог аттестациясы. Оған да 5 жыл толыпты. Әлі де өзектілігін жоймай келеді.
2016 жылдан бері 14 рет өзгертілген. Соңғы бес жылда 7 рет. Ал осы жылдың 1 қаңтарынан 2 рет өзгеріп үлгеріпті. Ең қызығы, бастапқы нұсқасына қол қойған А. Саринжиповтың атына обал болған екен.
Ол қол қойған бұйрық 2016 жылдан бері түбегейлі өзгеріске ұшырады. Тіпті атауы да бірнеше рет өзгерді. Бірақ, бұйрық соның атымен әлі де орналастырылады. Жарайды, тәртіп солай болар.
Бұйрықпен бекітілген Ережелердің өзіне келсек, шарттарының қайшылығынан дұрыс жұмыс істемей тұр. Себебі, кәсіби стандарт бір бөлек, заң өз бетінше, ереже туралы педагогтердің өзі де күнде жазып жатыр.
Тек, жас мамандарға обал болды. Осы нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізу тәртібін ретке келтіру керек.
***
Күн тәртібінен түспей келе жатқан екінші мәселе ол — оқулықтар. Не керек, еріккенің де, ерінбегеннің де ермегі болған оқулықтар.
Оқулық орталығында істеп жүргеннен кейін көп мәселелерді іштен көріп, қолмен ұстағаннан кейін біраз мәселелердің орынсыз екеніне көз жетіп жүр.
Соңғы күндері оқулыққа жұмсалатын қаржы туралы мәселе. Көкейді тескен 16 миллиард. Қара халыққа әрине бұл қомақты қаржы болып көрінеді.
Бірақ биліктің басы-қасында жүріп бұл жұмсалған қаржының орынды-орынсыз екенін тілге тиек қылған адамның мақсаты түсініксіз. Математикалық есеппен бұл қаржының қалай бөлінетінін шағып көрейік.
1-ден, оқулықтардың қайта шығарылатын мезгілі бар. Оның себебі, оқулықтардың тозуы («износ учебников»). 5 жылда бір шығарылуы тиіс оқулық бәлен оқушының қолынан өткесін тіпті қолға да ұстауға келмей қалатын жағдайы болады.
Мысалы жаңартылған білім мазмұнымен 5 кластың оқулықтары 2016 жылы шығарылды. Содан бері ол оқулықтар қайта шығарылған жоқ.
Дегенмен физикалық тозуына байланысты жергілікті басқару ұйымдары тозған оқулықтарды ауыстыру үшін тапсырыс береді. Яғни оқулықтардың кем дегенде 70-80% жаңартылады.
Ол тек 5 класс емес. 2016 жылдан бері есептей беріңіздер қанша оқулық тозып ауыстыруды қажет ететінін. Бірақ, оқулықтар заңға сәйкес жаппай қайта шығарылған жоқ.
Тек қана, әбден тозған немесе ішіндегі ақпараты ескірген оқулықтар ғана. Біле білсеңіздер 50 миллион халқы бар Оңтүстік Кореяда оқулықтар жылда шығарылады.
Әр оқушыға. Демографиясы баяу елдің оқушылар саны 6 миллионға жуық. Сонда жылына оларда 1 пәннен ғана 6 миллионға жуық оқулықтар шығарылады. Қағаз оқулықтар. Болашағын ойлайтын елғой.
***
Оқулықты қайта шығару себептерінің бірі ол демографиялық жағдайдың өзгеруі. Яғни, бала санының артуы. Егер, 2018 жылы 359 703 бала дүниеге келсе — 2024 жылы осынша бала 1 сыныпқа келді. 2019 жылы — 364 605 бала дүниеге келді.
Яғни 2025 жылы 1 сыныптағы бала саны 4000-ға артады деген сөз. Бір пәннен ғана 4000 оқулықты жергілікті билік сатып алуы қажет. 4000 х2,500 — 10 000 000.
Иә, бүкіл ел бойынша. Бірақ, санның өзгеруі тек 1 класта ғана емес қой. Статистиканы қарасаңыздар, жылда өзгереді. Бұл тек туу көрсеткішітері ғана. Көші-қон көрсеткіштері кірмеді.
***
Оқулықтар шығарылуының келесі себебі
Егер 2016/2017 жылдары негізгі және орта білім беру деңгейімен қамтылған оқушылар саны 2 785 297 болса, 2024/2025 оқу жылында оқушылар саны 3 898 569 құрайды. Тіпті өткен оқу жылымен салыстырғанда (3 812 279) оқушы саны 86 мыңға артқан.
Осы 86 000 оқушыға тек 1 пәннен 86 мың оқулық қажет. Бір оқулықты орта есеппен 2 500 теңгеден есептегенде 86 мың оқушыға 215 725 000 теңге қажет. 1 класта 10 нан 15 пәнге дейін оқулықты қажет етеді десек, онда әрине сомасы ұлғаяды.
Мысалы, 5 класс — ғылым негіздері бойынша 10 пән — 10 оқулық қажет. Әр оқулық 2000-нан — 1 оқушыға 20 мың деп есептейік. 5 кластарда өткен жылғыдан артқан бала саны орта есеппен 25 мың деп алайық. 25,0 х20 000 — 50 000 000 — тек қана жаңадан келген оқушыларға қаржы жұмсалды.
Қайталаймын: бұл тек 5 сыныпқа ғана шаққанда.
Енді ойлаңыздаршы 5 жылда оқулықты шығаруға жұмсалған 16 миллиард сондай қомақты қаржы ма?! Бұл 16 миллиардқа кірген элеткрондық оқулықтар да бар ғой?!
Салыстырмалы түрде алсақ, бізде орынсыз жобаларға 1 жылда 1 емес, 5-10 миллиардтап қаржы жұмсалады. 1 салютке 5-6 миллиардты ұшырып жіберіп немесе сумен де ағызып жіберіп жатады. Сонда, білімге жұмсалған 16 миллиард сондай көп қаржы ма еді?!
Білім беруге жұмсалған миллиард түгелі 1 тиынның өзі ол осы елдің гүлденуіне — денсаулығына, экономикасына, мәдениетіне, жалпы алғанда тұрақты және қарқынды дамуына жұмсалған қаражат деп қабылдаған дұрыс болады.
Оқулыққа жұмсалды деп көзі ашық деген жастар айтқанда тіпті миға қонымсыз. Олардың ауызынан шыққан ондай сөз орыс мақалымен айтқанда «Слышу звон, да не знаю где он» дегенмен тең.
Бұндай пікір көрегендігі жоқ, білімі таяз, ой-өрісі тар адамның ғана ауызынан шығады. Ал, қағаз оқулық қажеті жоқ, планшетке ауыстырайық дегендер халық болашағының нағыз қас жауы. Өйткені, денсаулыққа зиянынан басқа да қауіп-қатерді сезінбейді.
Сондықтан, мені оқып отырған депутат мырзалар, шенеуніктер ақшаның нөлдерін санамай, білім алушыға қажетті құралдар санының нөлдерін санауды әдетке айналдырайық.
Көзі ашық, көкірегі ояу әр адам, әр саналы тұлға балаға жұмсалған қаржыны сынап емес, керісінше қолдауы қажет.
Ең маңыздысы, ел болашағы үшін жұмсалған қаржы жемқорлықтың құрбаны болып, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпесе болды.
Ескертемін, оқулықтың сапасы туралы айтпаңыздар. (Зерттеу нәтижесі бойынша оқулықта көрсетілген қателердің басым көпшілігі расталмаған.) Ал мазмұны жайлы ол бөлек әңгіме. Оны жақсылап, шай ішіп отырып жеке талқылаймыз.
Дана РАУ, белсенді педагог.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.