Дені сау ұлт маңызды ма, дәріге тәуелді қоғам ба?

0
60

«Уәде» жобасында мен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға көптен бері қоғамда талқыланып жүрген сұрақ қойдым. Неге Қазақстанда жаңа тұрғын үй кешендері бой көтерсе, ең бірінші болып дәріхана ашылады? Неге алдымен мектеп, спорт орталығы немесе емхана емес, дәл осы дәріхана?

Егер дәріханалардың санына қарап бағаласақ, Қазақстанда не адамдар жаппай ауырады, не фармацевтикалық бизнес қарқынды дамып, басқа маңызды салаларды ығыстырып жатыр деген ой қалыптасады.

Мәселе бұдан да тереңде. Бүгінде дәрі-дәрмек саудасы елде бақылаусыз жүріп жатыр. Рецептсіз кез келген дәріні алуға болады.

Тіпті медицина мен фармацевтикалық бизнес бір-бірімен тығыз байланысып, емдеу процесі емделуден гөрі, дәріні сатуға бағытталғандай көрінеді.

Бұл – тиімді жүйе: дәрігер науқасқа дәрі жазып береді, науқас дәріханаға барады, ақша айналымға түседі. Кім ұтады? Бизнес. Кім ұтылады? Пациент.

Мен Лондонда, Брюссельде, Сингапурда, Сеулде болдым. Ол жақта дәріханалар әр бұрышта тұрмайды.

Ол жақта дәріні тек қатаң рецепт бойынша береді. Ол жақта медициналық мекемелердің басты мақсаты – адамдарды емдеу, аурудың алдын алу, ал бізде – дәрі сату.

«Бізде жағдай басқа» деп айтуға болады. Бірақ бұл жай ғана ақталу болар еді. Біз денсаулық сақтау реформалары туралы жиі айтамыз, бірақ жаңа емханалар мен спорт кешендерінен гөрі дәріханалар көбірек ашылып жатса, бұл қандай реформа?

Біз не құрып жатырмыз? Дені сау ұлт па, әлде дәріге тәуелді қоғам ба?

P.S. Тіпті дәріханаларда дәрілерді Kaspi Red арқылы бөліп төлеуге сатып алып жатқанын көрдім. Бұл – өте қауіпті тенденция.

Ерболат МҰХАМЕДЖАНОВ, журналист.

Әлеуметтік желідегі жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.