Дін үстемдік құрған қоғамның ертеңі қалай болады?

0
417

Таяуда “Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 2024 жылғы 3 тоқсандағы жағдай бойынша елімізде 14 рухани оқу орны бар. Ондағы студенттердің жалпы саны — 4862 адам екен” деген ақпаратты көзіміз шалды.

Исламдық бағытта  — 12 («Нұр-Мүбарак» университеті — 1, медресе колледжі — 9, ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру ислам институты — 1, ҚМДБ қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты — 1) діни оқу орны бар.

Бұл ресми, тіркелген діни оқу орындары. Ал тіркелмей, жасырын жертөледе “истихфар” айтып селкілдеп отырғаны қаншама, белгісіз.

Қош, сонымен ресми тіркелген медресе-колледждерге тоқталсақ. Еліміздің оңтүстігі — Тараз, Шымкент, Сарыағашта үшеуі бар. Астана, Алматы, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Үшқоңырда — бір медресе-колледж бар екен.

Алматыда «Әбу Ханифа медресе колледжі» — 130 орындық жатақханасы бар.
Павлодарда «Әбу Бәкір Сыддық медресе колледжі» жеке мекемесі, Павлодар қаласы, жатын орны саны — 40.
Үшқоңыр  медресе  колледжі  қазірге дейін 438 шәкірт бітірген.
«Һибатулла Тарази медресе-колледжі» жеке мекемесі — 100 орындық.
Сарыағаш медресе колледжінің — 380 орындық асханасы бар.
Орал медресе колледжі — 60 жатын орны бар.
«Ақтөбе медресе колледжі» қазірге дейін 180 студент бітірген, 250 орныға арналған асханасы бар
«Шымкент медресе колледжі» жатақханасы 300 кісілік.
«Астана медресесі» бүгінге дейін 300 шәкірт бітірген, 120 орындық асханасы бар.

Өкінішке қарай, бұл медреселерде нақты қанша бала оқып жатқаны туралы дерек таппадық. Алайда асхана, жатақхана орындарына қарап орташа есеп жасап көрдік.

Бір жылда осы ресми тіркелген медреселерден шамамен 1000-1300 бала, ал университеттерінен 4862 бала діни білім алып шығады екен. Ал енді есептеп қараңыз, 20 миллион халқы бар Қазақстанда жыл сайын 5-6 мыңға жуық уағызшы-молда шығып жатыр (!).

Халықтың 14 миллионы қазақ десек, әр 2-3 мың адамға бір уағызшы-молда тең келеді екен. Бұл бір жылдық көрсеткіш.

Ал 4-5 жылдан кейін әр 50-60 кісіні бір имам-уағызшы аузына қаратып отырары сөзсіз ғой?!

Бұл медресе шәкірттерінен бөлек, өз бетімен уағыз айтып жүргендері қаншама. ҚМБД имамдары қаншама.

Бүкіл әлеуметтік желіні уағызшылар жайлаған. Сауда орындарын қойып, қазір діншілдер балабақша, мектептен бастап, сонау билікте де өріп жүр.

Мақсаттары не? Қазақстанды Ислам мемлекеті ету ме? Алайда Ата заңымызда  Қазақстанның діни ел емесі анық жазылған ғой?!

Мейлі, кім қандай сенімді ұстанса да, өз — еркі дейміз. Алайда әсіресе Ислам дінін ұстанушылар сол дінге сенбеушілерге қарсы өте қорқынышты агрессивті қарым-қатынас жасайтынын ескерсек және қазақ ұлтының тарихын жоққа шығаруға, салт-дәстүрін қорлауға, әдет-ғұрпын жоюға жанталаса кіріскенін ескерсек, бұлардың күні ертең Қазақстан үшін үлкен қауіп екені анық емес пе?

Жалпы мыңдаған, жүз мыңдаған имамды көбейткеннен мемлекетімізге пайда бар ма?

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.