Діндегі сұмдық-шындық: Батыс өңірді салафит, уахаббитке толтырған шейх кім?

0
4707

Мұхаммед пайғамбар: «Хабарларың болсын, сендерден бұрынғы кітап иелері жетпіс екі ағымға бөлінді. Мұсылмандар жетпіс үш ағымға бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тозақта, тек бір тобы ғана жұмақта болады. Жұмақта болатындар – жамағат» (Муауиядан жеткен хадис), – депті.

«Таблиғи жамағатты» тәрк етіп, Бішкектен туған жерім Атырауға оралсам, мұндағы діни ахуал тіпті ушығып кетіпті.

Жергілікті мұсылман қауымын тәкпіршілер бір жақтан, Солтүстік Кавказ содырларының идеологы саналатын Мухаммад Багаутдиннің жамағаты екінші жақтан,  Дағыстан уаһабшыларының басшысы  Айюб Астраханскийдің  (Ангута  Ангутаев) айюб жамағаты үшінші жақтан көкпарша тартқылап, уағыздарын жүргізіп жатыр екен. ҚМДБ-ға қарасты мешіт молдалары радикал ағымдарға қарсы тұруға дәрменсіз. Бұл жағдай мені қатты толғандырды, кімнің жолы дұрыс, кімдікі бұрыс екенін біліп болмайды.

Көп ұзамай мен өзімнің діни білімімді жетілдіру үшін Шымкенттегі Қазақ-Кувейт университетіне аттандым, діни журналистика факультетіне оқуға түстім.

Мен сыныптың старостасы сайландым, ал біздің сынып жетекшіміз әрі араб тілінен дәріс беретін ұстазымыз Абдухалил Абдужаббаров болды.

Алдыға озып айта кетейін, «шейх Халил» есімімен жұртқа  танымал  болып,  кейін  Сауд  Арабиясына  қашып кетіп, ол жақтан Қазақстанға  мәжбүрлеп экстрадицияланған Абдужаббаровты терроризмді насихаттағаны және соңы ауыр  зардаптарға  соқтырған діни өшпенділікті қоздыр- ғаны үшін 2017 жылдың күзінде Орал қалалық соты 8 жылға соттады.

Абдухалил Абдужаббаров Шымкент қаласының жанындағы Cайрам ауданында дүниеге келген. Ұлты – өзбек.  Әкесі сол өңірдегі мешітте имам қызметін атқарды.

Әкесінің жол сілтеуімен Халил Пәкістандағы діни оқу орнын тәмамдап келген. Бірақ әке арманы орындалмады, ҚМДБ басшылығы «Пәкістаннан алған білімің күмәнді» деген желеумен Халилді Шымкент өңіріндегі мешіттердің біріне де имамдыққа алмады.

Оның Қазақ-Кувейт университетінде араб тілінен сабақ беріп жүруінің себебі осы еді. Ол сол кезде-ақ қазақ, орыс, өзбек, араб, парсы, түрік, ағылшын және басқа да бірнеше тілді жетік білетін.

Құран мен хадистерді мүдірмей жатқа айтатын, сөзге шешен уағызшы. Халилдің үйіндегі жеке кітапханасында ислам ғұламаларының түгелге жуық жинақтары болды.

Айтуынша, кітаптардың басым бөлігін араб шейхтары сыйға тартқан және оның бәрін Халилдің түгел оқып тауысқаны әңгімесінен білініп  тұратын.

Халил – ұстаз, мен оның шәкірті болсам да, өзара қатынасымыз достық сипатта өрбіді, дін мәселесіне қатысты пікірлеріміз де үйлесіп жататын. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі  дініне  сырттан  келген ағымдар фитна  салып  жатқанын  айтып қамығатынбыз. Халил екеуіміздің достығымыз сеп болса керек, университеттің ректоры Мухаммад Бенадда да маған жылы шырай танытып жүрді. Ілім іздеп Қазақстанның қиыр батысынан келгенімді ескеріп, мені  университет жанындағы қарилар дайындайтын мектептің жатақханасына орналастырды. Мұнда төрт мезгіл тамақ береді, бай кітапхана бар. Мен де сенім артқан қамқорлыққа ризашылығымды жақсы оқып, үлгілі шәкірт болумен білдіруге тырыстым.

Бірақ мені Қазақстанның батыс өңіріндегі, әсіресе Атыраудағы ушығып кеткен діни ахуал қатты мазалайтын. Бұл мәселе жөнінде Халилге айтып едім, ол қолынан келетін көмегін аямайтынын мәлімдеді.

Мен Атырауға барып, ҚМДБ-ның  сол облыстағы өкілі әрі Иманғали мешітінің бас имамы Серғазы Ибадулламен кеңестім.

Халилдің көмек беруге дайын екенін есіткен ол дереу Шымкенттегі Қазақ-Кувейт университетінің ректоры Мухаммад Бенаддаға өтініш хат жазды.

Хатта Абдухалил Абдужаббаровтың Атырау өңіріне өте қажет араб тілінің маманы екенін айтып, оны университеттегі жұмысынан босатуды сұрады.

Бұған университет ректоры Мухаммад Бенадда қарсы болған жоқ. Себебі осы кезде Шымкенттегі Қазақ-Кувейт университеті жабылады деген алып-қашпа  сөз өршіп тұрған.

Ректордың келісімін алған соң, Халил екеуіміз Атырауға тарттық.

Иманғали мешітінің бас имамы Серғазы Ибадулла Абдухалил Абдужаббаровпен аз-кем сөйлескен соң, оның  біліміне тәнті болып, көптен іздеп жүрген адамы табылғандай  қуанды. Жұма намаздың алдында өзінің минбардағы орнын Халилге ұсынып, жамағатқа уағыз айтқызды. Жиналған жұрт та Халилдің біліміне тәнті болып, сұрақ қойды, Құран мен хадистерден дәлел келтірілген жауаптарға бәрі риза болып жатты.

Атырауда да Халилдің имам болу арманы орындала қойған жоқ. Алғашында ол мешіт жанындағы медреседе араб тілінен сабақ берді.

Бірақ оның діни уағызына жұрт қатты қызығатын, діни мәселеге қатысты сұрақтарына жауапты Халилден алғысы келетін. Сондықтан ол әр жердегі дін мәселесін талқылайтын құжыраларда уағыз айтып жүрді.

Осылайша Атырауда Абдухалилді ұстаз санайтын жамағат ауқымын жая бастады, оның қолдаушылары күн санап өсіп жатты.

Осы кезде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы  Қайрат Сатыбалды бас болып  «Ақ орда» республикалық қозғалысы құрылып жатқан. Мен осы қозғалыстың Атырау облыстық филиалының жанынан ашылған президенттік сайлау науқанын ұйымдастыру штабында қызмет атқардым, өңірдегі ұйымдастыру жұмысына атсалыстым. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдау үшін құрылған «Ақ орда» қозғалысының, сырт көзге байқалмаса да, діни сипаты болғанын айта кеткен жөн. Сондықтан болса керек, Бекболат Тілеухан, Мұхаммеджан Тазабек, Жүрсін Ерман сияқты қазақ руханиятының өкілдері «Ақ орда» қозғалысының маңына топтасты.

Өзінің білімдарлығымен алғашында Атырау өңірінде аты мәшһүр болған Халилдің даңқы батыс облыстардан асып, Астана мен Алматыға жете бастаған.

Бірінші қайсы тараптың ықыласты болғаны есімде жоқ, Абдухалил Абдужаббаров пен Бекболат Тілеуханның алғашқы кездесуіне мен мұрындық болдым.

Кездесу Бекболат Тілеуханның Астанадағы үйінде болды. Сол үйде болған бес-алты адам кеш бойы Халилді тыңдады. Бұрын Дарын Мубаровты діндегі  ұстазы санап жүрген Бекболат Тілеухан Халилдің білімі мен шешендігіне тәнті болды. Оның қасында Дарын Мубаров жіп есе алмай қалды.

Астанадағы Бекболат Тілеуханның үйінде болған кездесу кезінде болған бір қызық жайтты айта кеткім келеді. Отырыстың арасында намаз оқып алу үшін бәріміз көрші бөлмеге шықтық. Енді намазға сап түзеп тұра беріп едік, терезеден соққан самал қозғаған болу керек, қабырғада ілулі тұрған арнайы жасалған қымбат бағалы домбыра жерге тарс етіп құлап түсті. Құдайға құлшылық жасау алдында терең ойға бойлай бастаған біз селк ете қалдық. Өзін Халил ұстаздың алдында ыңғайсыз сезінген Бекболат «Шайтанның даңғырлағы-ай…» деп, жерде жатқан домбыраны жұлқи тартып орнына іліп қойды да, кінәлі адамша күйбеңдеп барып, қайыра кеп сапқа тұрды…

Халилдің діни біліміне тәнті болып, оны өзіне ұстаз санай бастаған Бекболат Тілеухан да сөзге шешен адам.

Мұсылмандардың әдебі жөнінде болған бір әңгімеде Бекболат Халилге қаратып былайша сөз бастады: «Мұсылман адамның Мұхаммед пайғамбарымыз бен сахабаларға қарап бой түзегені дұрыс қой. Бірақ маған Алла бой бермеді. Бойы пәкене адам балағын қысқартып, сақалын ұзын қойса, сырттан қараған жұртқа тіпті күлкілі көрінеді емес пе. Оның үстіне депутатпын, елдің, халықтың көз алдында жүремін. Халилжан-ау, осы біз сияқтыларға жеңілдік бар ма?!» деді қулана.

«Беке, сізге рұқсат», – деп күлімсіреді Халил. Бұл әңгімені Халил ұстаздың о баста мәмілешіл болғанына дәлел ретінде айтып отырмын. Оның мұсылмандарға қатысты қатаң позиция ұстануы, радикалдануы  сәл кейінірек басталды.

2000-шы жылдардың ортасына таман атыраулық қалталы азаматтар «Ат-Тақуа» атты мешіт сала бастады. Аймақта бедел алып, дін қайраткері дәрежесіне көтеріліп келе жатқан Халил осы мешітке имам болудан үмітті еді.

Егер салынып жатқан «Ат-Тақуа» мешіті ҚМДБ құрамына кіретін болса, онда Халилдің арманы тағы да орындалмайтындай көрінді. Сондықтан мешітті жеке-дара қоғамдық ұйым ретінде тіркеуге күш салдық.

Мешіттің ашылу салтанатына Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан секілді Астанадан келген құрметті қонақтармен қатар жергілікті атқамінерлер қатысты. Бұл оқиға Халилдің мұсылман қауымы ортасындағы беделін одан сайын асқақтатып жіберді. Тіпті аймақтағы ҚМДБ-ға қарасты  мешіттердің имамдары да Халилдің аузына қарайтын, содан пәтуалы сөз күтетін. Бірақ көп ұзамай жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан мұсылман қауымы ішінде бедел алып бара жатқан Абдухалил Абдужаббаровқа қысым күшейді.

Жұртты тіркелмеген мешітке намаз оқуға шақырды деп айыпталған Абдухалил Абдужаббаровқа қатысты екі мәрте сот болды.

Сотқа дін мәселесі бойынша шақырылған ҚМДБ өкілі Қазбек Ахметов «шариғат бойынша, азан шақырылғанда кез келген жерде намаз оқуға болады» деген қисын айтты.

Осы пікірді есепке алған сот Халилді жазадан босатқан. Бірақ ол бұдан былай  Атырауда тұрақтай алмады, жан-жақтан оны «діни алауыздық тудырушы» дегенге саятын айыптау басталды. Сондықтан ол беделді азаматтардың шақыртуымен Орал қаласына қоныс аударды.

«Шейх Халил» Атырауда болған кезде-ақ мен оның айтып жүрген уағызынан күдіктене бастағам. Ол «мен Әбу Ханафи мазхабын ұстанамын» деп айтқанымен, кейбір принциптері тіпті радикал болып көрінетін.

Мысалы, ол «намазы жоқ адамдар мұсылман емес, ал мұсылман еместерден ет-сүт,  азық-түлік сатып алуға болмайды» деп үкім айтатын.

Маған оның көзқарасы сәләфизмнің әсіре радикал қанаты саналатын тәкпіршілерге жақын көріне бастады. Қазақстанның батыс өңіріндегі тәкпіршілер «кәпір елде өмір сүруге болмайды» деп, бала-шағасымен жөңкіле көшіп, Чехияға қоныс аударып жатқаны да осы кезең болатын.

Бірақ, Халилдің бір ерекшелігі, ол тәкпіршілер сияқты мұндағыны  түгел терістеп,  бәрін кәпірге шығармайтын. Маған ол түпкі көкейіндегі кейбір принциптік мәселені ішіне жасырып қалып жүрген сияқты көрінді.

Мен «Ақ орда» қоғамдық қозғалысымен тығыз байланыста болған жылдары жолым түсіп «Кіші қажылыққа» бардым. Сол сапарда Мәдина университетінде оқитын өзбек, қазақ, тәжік студенттерімен кездесіп, бәріміз дін мәселесін талқыладық.

Әңгіме барысында Орталық Азия мен Қазақстанға әсер етіп отырған діни идеология мен оның салдары жөнінде сөз қозғадық. Мұнда білгенім – Сауд Арабиясы мен Таяу Шығыстағы жетекші идеологиялардың ішінде сәләфилік екі  ағымның  уағызы  Орталық  Азияға  жылдам  жайылып  жатыр.  Солардың  бірі  –  сәләфи  бағытындағы  суруриттер идеологиясы. Бұл идеологияның негізін салған – сириялық Мұхаммед әс-Сурури. Ол өткен ғасырдың  50–60-жылдарында  төңкерісшіл  радикал  бағыттағы  «Мұсылман бауырлар» ұйымының белсенді мүшесі болған. Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенгені үшін жергілікті биліктің қуғындауына ұшырап, Сириядан  Сауд Арабиясына қашады.

1991 жылы Сауд Арабиясы аумағына Америка әскерлерін кіргізуге байланысты мәселеде діндарлар екіге жарылады да, әскер кіргізуді «кәпірлермен ауыз жаласу» ретінде бағалаған топ суруриттер деп аталған.

Олар өте төзімсіз келеді: «Кәпір елдермен қарым-қатынас жасаған» мұсылман елінің билігін де кәпірге шығарады;  бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды кәпір санайды; олардың ойынша, «кәпірлерден» сатып алынған  азық-түлік харам және т.с.с.

Бұл топ Ибн Тәймия мен оның идеяларын саясиландырған Мұхаммед Абдулуаххабтың (уаххабизмнің негізін салушы) көзқарастарын ұстанады.

Таяу Шығыс төңірегіндегі «Араб көктемі» атты революцияға идеологиялық тұрғыдан дайындық жүргізген де суруриттер болатын. Мәдинада студенттермен пікір алмасу барысында  Дарын Мубаров пен Абдухалил Абдужаббаровтың саудиялық суруриттердің Қазақстандағы уағызшылары екеніне көзім жетті және олар күшейіп алғанша «тақыйя» (түпкі діни идеологиялық саяси мақсатын жасыру) жасап жүргенін түсіндім. «Кіші қажылық» кезінде болған осы оқиға мені шұғыл шешімге келіп, әрекет етуге итермеледі. Өзімді іштей жазғырып, Қазақстанның батыс өңіріндегі діни ахуалды одан сайын ушықтырып жіберген Халилді Шымкенттен Атырауға алып келгеніме, қолпаштап қасында жүргеніме, оны  қазақтың беделді азаматтарымен таныстырғаныма қатты өкіндім. Осы қателігімді түзегім келді.

1990 жылдардағы халықаралық саяси жағдайға байланысты Сауд Арабиясы АҚШ-тың әскери базаларын өз жеріне орналастыруға келісімін бергенде, король билігін «кәпірге» шығарған суруриттерге қарсы тұрып, қайрат көрсеткен Раби ибн Хади әл-Мадхали бастаған матхалиттер болатын.

Матхалиттер зайырлы мемлекеттің заңдарына бағынады, билік институттарын мойындайды, тек дінге жаңашылдық (бидға) қосқанды қаламайды.

Ең бастысы, матхалиттердің сәләфилік ағымның бір тармағы бола тұра, суруриттердің идеологиясына қақырата соққы бергені және оның нәтижелі болғаны менің көңілімнен кетпей қойды.

Оның үстіне, қазақстандық матхалиттер Ханафи мазхабын басшылыққа алатын  ҚМДБ-мен мәмілеге келе алатыны, тізе қосып бірге жұмыс жасауға дайын екені анық болды. Мұны мен ҚМДБ-ға қарасты мешітте имам қызметін атқарған кезден білетінмін.

«Кіші қажылықтан» келе сала, Атырауда аз күн аялдап, Мәдина университетінің студенттерінің сілтеуімен Шымкент жағына барып, Манкенттегі мешіттердің бірінен Тоиржан Ибрагимовты тауып алдым. Ол  ұлты тәжік, Өзбекстан азаматы болатын. Діни-идеологиялық көзқарасы Өзбекстанның мұсылмандар діни басқармасының саясатымен үйлеспегендіктен шетке ығысып кеткен. Естуімше, «Шейх Халил» сияқты суруриттермен тартыса алатын Орталық Азиядағы ең білікті уағызшы.

Манкентте жай-күйі болмай жүрген Тоиржан ака менің ұсынысыма келісе кетті.  Екеуіміз Атырауға келдік, Тоиржан құжыраларда уағыз айта бастады.

Сөзі мірдің оғындай Тоиржан Халилді ұстаз тұтып жүрген жамағаттың мына бет алысымен жамандыққа ұшырайтынына исламның арғы-бергі тарихынан дәлел келтіріп, діни уағызды саясатпен, коммунизмнің шекпенінен шыққан қазіргі заманғы қазақ қоғамының жай-күйімен ұштастырып, үлкен-кіші демей, бәріне ұғынықты жеткізетін.

Аз күннің ішінде Халилді шейх санап жүрген жамағаттың көңілі Тоиржанға ауа бастады. Атыраудағы жамағаты нілдей бұзылып жатқанын есіткен Халил маған телефон соғып: «Исмаил, бәрін  бүлдіріп  жүрген сенсің, шура шақырып, ар сотына салам», – деп  қоқан-лоққы  жасады.

Мен  Құдайдан  басқаға мойынсұнбайтынымды,  ешқандай  тоталитарлық сектаның ішкі тәртібіне бағынбайтынымды, сәйкесінше  Халил жамағаты шурасының талқысына түсуден бас тартатынымды мәлімдедім.

Менің бұл сөзіме бұлқан-талқан болып ашуланған Халил Оралдан шұғыл Атырауға ұшып келіп, менімен «жөндеп» әңгімелеспекші болды.

Мен ешкімді шейх-ұстаз санамайтынымды айтып, онымен кездесуден үзілді-кесілді бас тарттым. Сондықтан Халил Атырау мұсылмандары алдында  Тоиржанмен  сөз  таластырып,  дауласуға  мәжбүр болды.

Қазақстандағы сәләфилік көзқарастағы мұсылман қауымының әсіре радикалданған деструктивті бет алысына сәл де болса тежеу салған Тоиржан Ибрагимовтың еңбегі атап өтуге тұрарлық. Сондықтан оның қазақ қоғамы алдындағы беделін күшейту кезек күттірмейтін шаруаның бірі еді. Осы мақсатта Тоиржан Ибрагимовты сол кезде «Қазақстан теміржолы» компаниясының вице-президенті қызметін атқарып жүрген Қайрат Сатыбалдыға таныстыру үшін Астанаға алып бардым. Тоиржанның Қазақстандағы діни ахуалға қатысты пікірі мен көзқарасы, азаматтық ұстанымы Қайрат Сатыбалдыға ұнады. Бұл жағдай алқашқыда тосырқай қарап жүрген Бекболат Тілеуханға да әсер еткен сияқты, оның да Тоиржанға ықыласы ауа бастады. Көп ұзамай Тоиржан Ибрагимов Астана маңындағы Шұбар мешітіне имам болды, біраздан кейін Қазақстанның азаматтығын алды…

Осы тұста Тоиржан Ибрагимов екеуіміздің арамыздағы қарым-қатынас ұзаққа созыла қоймағанын айтқым келеді. Мен бұл кезде сәләфилерден түбегейлі кетісіп, былайғы жұрт «құраншылар» деп атайтын топтың ішінде жүрген едім.

Дін мәселесіндегі көзқарас қайшылығы жеме-жемге келгенде Тоиржан екеуіміздің ашық дебатқа түсіп, айтысып-тартысуымызға дейін жеткізді.

Ақиқат жөніндегі пікірталаста кімнің басым түсіп, кімнің жеңілгенін білмеймін. Сірә, ол да, Халил сияқты, мені шәкірт қылып, өзі маған шейх болудың қиялына беріліп жүрсе керек.

Бірақ өзіме үнемі тыныштық таптырмайтын ішкі еркіндігім сәті келсе мені байлап-матап тастағысы келіп тұратын әлдекімнің ырқына ешқашан көнген емес.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНҰЛЫ, экс-имам, тәуелсіз дін зерттеуші.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды. 

Democrat.kz.

(Келесі бөлімде «Құраниттер» туралы шындық айтылады)