Директор ай сайын әр мұғалімнен 10 мың теңгеден ақша жинаған

0
1828

Бір ай бұрын Алматы облысы Іле ауданы Ақши ауылындағы Тоқаш Бокин атындағы №41 орта мектептің мұғалімдері шу көтеріп, мектеп директоры Фарида Байғонысова соңғы үш жыл бойы әр мұғалімнен ай сайын 10 000 теңге жинап отырғанын айтқан еді. Бұл туралы Halyqstan жазды деп хабарлайды Democrat.kz.

Ақша ұстаздардан мектеп қоры үшін деген сылтаумен жиналып келген.

Мұғалімдер уәкілетті органдардан директордың әрекетіне құқықтық баға беруді және тиісті шара қолдануды сұрады.

Бүгін сол мұғалімдер halygstan редакциясына жаңа хат жолдаған.

Мазмұнына қарағанда, бұл хатты облыстық білім басқармасы Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне жолдаған.

Хатта айтылғандай, 7 сәуірде мектеп директорының ақша жинау дерегі бойынша жұмыс тобы құрылып, тексеріс жүргізілген.

Тексеріс нәтижесінде директор Байғонысоваға қатаң сөгіс жарияланған.

Құжатта сондай-ақ кейбір фактілерді қарау басқарманың құзыретіне кірмейтіндіктен, хат антикорға жолданатыны жазылған.

Алайда мұғалімдер директор тек сөгіспен құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді және уақыт өте келе мектептегі мәжбүрлі ақша жинау мен қысым көрсету қайта басталады деп алаңдайды.

— 7 сәуірде мектепте анонимді сауалнама жүргізіліп, факті расталды. 8 сәуірде директор еңбекке жарамсыздық парағын алып, 24 сәуірге дейін жұмысқа шықпады. Осы уақытта ол адвокат жалдап, әріптестерін жала жапты деп жауапқа тартуға қорқытып жатыр. Антикорда бізге қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқ екенін айтты. Сондықтан іс қозғай алмайды. Біз прокуратураға да жүгіндік. Бірақ олар антикорға сілтейді. Бәрі бір-бірін жауып отыр, – дейді мұғалімдер.

Антикордағылар мұғалімдердің айтуынша, мектеп қоры үшін ақша жинауды сыбайлас жемқорлық деп санамайды.

Алайда үш жыл бойы жиналған ақша есепке алынбаған. Мұғалімдер мектеп директорының “жағдайды реттедім” деп айтып, наразылық білдірген мұғалімдерге “басқа жұмыс іздеңдер” деп мәлімдегенін айтқан.

Мұғалімдер әділеттілік орнайды деген үміттерін жоғалтпай, жоғарыдағы тиісті органдардың бұл жағдайға назар аударуын сұрайды.

Педагогтар Білім министрі Ғани Бейсембаев араша түседі деп үміттенеді.

Фото көрнекілік үшін.