Думан Мұхаммедкәрім азапталғаны туралы шағымданды

0
78

Азапталғаны туралы Думан Мұхаммедкәрімнің шағымына байланысты прокуратура тексеріс бастаған. Бұл туралы адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады, деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

12 ақпанда Қонаев қаласында өткен алғашқы сот кезінде Думан Мұхаммедкәрім полиция қысым жасағанын мәлімдеген.

Ол судьяға: «Маған психологиялық және физиологиялық қысым болып жатыр. Мәселен, мені Қонаев қаласына 9 ақпанда әкелді. Одан кейін сені мұнда бірнеше күн ұстай алмаймыз, қайтадан Талдықорғанға барасың деп, қарсылығыма қарамастан қойша сүйреп, автозакка лақтырып жіберді. Жол ортаға барғаннан кейін қайтадан әкеп қамады, конституциялық құқым тапталып жатыр» деген еді.

Ғалым Нұрпейісов 12 ақпандағы сот отырысынан кейін азапталғаны туралы Думан Мұхамедкәрім шағым түсіргенін, бірақ прокуратура 22 ақпандағы екінші сот отырысынан кейін ғана шешім қабылдағанын айтты.

— 22 ақпандағы соттан кейін Қонаев қалалық прокуратурасы Думан Мұхаммедкәрімнің шағымын қабылдап, тексеруге жіберді. Соған байланысты 29 ақпанға дейін сот отырысы тоқтады. Тексеру қорытындысын күтеміз, — деді адвокат.

«Ne Deidi» Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты» деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атайды.

Қарашаның соңында Думан Мұхамедкәрім қамауда отырған белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Марат Жыланбаевты қолдап, аштық жариялағаны хабарланған.

Мұхаммедкәрімнің қамалғанын Қазақстанның теңқұқықты журналистері федерациясы сынаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан.