Джеки Чан – қайта экранда

Танымал актер әрі каскадер Джеки Чан жуырда шетелдік БАҚ-қа шағын сұхбат беріп, қазіргі жаста қандай трюктерді орындай алатынын айтып өтті.
Сұхбат үзіндісі Hollywood Reporter басылымының ресми Instagram парақшасында жарияланды. Онда актер өзінің фильмдеріндегі жекпе-жек сахналарына дайындық барысымен бөліскен.
Менде мықты база бар. Сіздер айтып отырған аударылып секіру, аяқпен және қолмен соққы жасау – бұл мен үшін оңай. Өйткені мен өмір бойы жаттықтым. Әрине, қазір баяғыдай ағаштан секіру немесе машинаның үстінен қарғып өту мен үшін қиындау. Бірақ қолымнан келгеннің бәрін өзім орындаймын. Бұрын мен үштік соққы, екі аяқпен соққы жасасам, қазір тек бір соққы ғана орындай аламын. Дегенмен көрермен Джекидің бәрін өзі істегенін көргісі келеді деп ойлаймын, – дейді актер.
2025 жылдың сәуір айында Джеки Чан 71 жасқа толды. Ол – актер, режиссер, каскадер, жауынгерлік өнер шебері ретінде әлемге әйгілі тұлға. Әсіресе, ерекше трюктері мен юморға бай рөлдері арқылы жұрттың жүрегін жаулаған. 2017 жылы ол киноиндустрияға қосқан үлесі үшін құрметті «Оскар» жүлдесін алған.
Қазіргі таңда Қазақстан кинотеатрларында “Каратэ-пацан: Аңыздар” фильмі көрсетіліп жатыр. Бұл туындыда Джеки Чан (мистер Хан) мен Ральф Маччио (Дэниел ЛаРуссо) бірігіп, жасөспірімге жауынгерлік өнер турнирінде жеңіске жетуге көмектеседі. Джеки Чан бұл кейіпкерді алғаш рет 2010 жылы шыққан “Каратэ-пацан” фильмінде сомдаған болатын. Онда ол басты кейіпкер Дре Паркердің (Джейден Смит) жаттықтырушысы әрі тәлімгері ретінде көрінген.