Еділ Оспанов: Бұл мереке міндетті түрде керек деп санаймыз

0
194

Оқу-ағарту министрлігі Балалар күнін мемлекеттік мереке қатарына қосып, ресми демалыс күні ретінде бекіту туралы ұсынысты қолдайды. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты.

«Бұл мереке міндетті түрде керек деп санаймыз және депутаттардың ұсынысын қолдаймыз. Бізде тиісті мерекелерді бекітуге басқа министрлік жауапты екенін білесіз, сондықтан біз өз тарапымыздан балалар үшін мерекенің көп болғанын дұрыс деп санаймыз», – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Еділ Оспан мерекелерді бекітетін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныстарын беретінін атап өтті.

Вице-министр Халықаралық балалар күнін бүлдіршіндер ғана емес, үлкендер де асыға күтетінін айтты.

«Оқу-ағарту министрлігі осы мерекенің қарсаңында «Қазақстан балалары» деп аталатын он күндік өткізді. Осы күндер ішінде мемлекет тарапынан балаларға жасалатын қамқорлық, балаларға жасалып жатқан мемлекеттің саясаты жан-жақты түсіндірілді. Кеше көшелерде, аулаларда үлкен мерекелік шараларды ұйымдастыруға тырыстық, өздеріңіз де байқаған шығарсыздар», – дейді ол.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары 1 маусым – Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мереке ретінде бекітуді ұсынған болатын.