Егер шетелге шығуға тыйым салынса…

0
202

Бұл бәріміз үшін де маңызды дүние. Әйтпесе, шетелге шыға алмайтыныңды ұшаққа отырар кезде білу деген – азаптың азабы деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы Қаржылық сауат Телеграм арнаға сілтеме жасап.

Талай адам билетін алып, тур-жолдамасын рәсімдеп, қонақүйін сайлап тұрып шекарадан өте алмай қалған. Бірақ, борышкерді шекарадан аттап бастырмайтын бұл әдіс расында да қарызды өтеттіруге таптырмас құрал болып тұрғанын халықаралық тәжірибе де көрсетіп жүр.

Сонымен, сот орындаушысы қандай жағдайда шекара аттауға шектеу қоя алады?

Біліп жүріңіз, шектеудің бұл түрі Заңмен де шегеленген. Сол Заңға сәйкес борышкерге айналған жеке тұлға немесе заңды тұлғаның басшысы (оның міндетін атқарушы)

– атқарушылық құжаттағы 40 АЕК-тен асатын сома ( 147 680  т.) талаптарын орындамаған кезде;

– мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты үш ай ішінде орындамаған кезде сот орындаушысы борышкердің ел аумағынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы.

Атқарушылық құжаттарға не жатады?

Атқарушылық құжат та қарыз болып саналады. Ол:

– мемлекет алдындағы салықтар;

– айыппұлдар;

– жолақы айыппұлдары;

– алименттер;

– коммуналдық қызметтер алдындағы берешек төлемдер;

– адамдар алдында сотқа дейін жеткен қарыздар.

Егер осы санаттарға кіретін қандай да бір өтелмеген қарызыңыз болса, Сіз борышкер саналасыз. Демек, ойлану керек. Сондай-ақ, бұл тізімге 700 теңгеден бастап төленбеген шоттары бар және сот сол қарызды өндіру туралы қаулы шығарған адамдар да енгізілуі мүмкін.

Жалпы, қарыздың бар-жоғын алдын ала тексеріп алуға болады және оның үш жолы бар:

egov.kz порталы;

@EgovKzBot телеграм-боты;

eGov mobile қосымшасы.

Борышкерлердің тізімінен қалай шығу керек?

Жауабы оп-оңай және оны өзіңіз де жақсы білесіз: дұрыс нұсқасы – айыппұл, баж алымдары, алимент, коммуналдық қызмет сияқты басқа да қарыз түрлерін төлеп құтылу.

Қарыз өтелгеннен кейін де істің өзіндік аяқталу процесі бар. Тиісті ақшасын төлеп, тізімнен «зып» етіп шыға қоям деп ойламаңыз.

Шекарадан шығуға берілген уақытша шектеу атқарушылық іс тоқтатылған соң ғана жойылады. Борышкерден атқарушылық санкциясы, орындаудағы шығындар, өсімпұл және жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін ақы өндіріледі.

Заңның 36-бабына сәйкес, атқарушылық іс тоқтатылған соң күнтізбелік 3 күн ішінде сот орындаушысы борышкерді тізімнен шығару үшін тиісті ақпаратты мәжбүрлеп орындату департаментіне және шекара қызметіне жібереді.

Вуаля! Сіз енді боссыз!