Елдегі уахаб-сәләф желпініп бастады, ал мүфтият неге үнсіз?

0
1238

Ертеректе бір досым болған. Қалада жүріп тілінің арқасында өте беделді бір ағамыздың іш-бауырына кіріп алып, сол кісінің арқасында бірәз жердің басшылығына дейін көтерілді.

Тойларында ақындарға арнау айтқызу, баласының атын сол кісінің атын беріп деген секілді, жағу үшін істемегені жоқ енді.

Үлкен кісілердің үлкен жаулары болатыны секілді, ол кісінің жаулары жабылып жүріп бір күні істі болды. Үстінен тергеу басталып жарты жылдан астам қамауда болды.

Сол аралықта соның жаулары оның орнына отырып алды. Кезінде әлгі ағамыздың жауларымен өзінің жауларындай алысқан әлгі “досым”, табан астында қарсы тараптың қолтығына кіруді бастап кетті ғой.

Біз ол кісімен алыс-берісіміз болмаса да, үйінде дәм-тұздасып сыйласқанымыз үшін баласынан мән жайды білу үшін үй жаққа шақырдық. Әлгі “досымыз” сол күні үйімде отырған бізбен бірге.

Баласы келіп аулада сөйлесіп отырмыз. Бірақ, жарықтық әлгі “досымыз” көкесінің баласымен жолықпақ түгілі, үйден шықпай қойды. Бәріміз аң-таң.

Бір күндері сол “досымыз” әлгі ағамыздың жауларын тасып, тауға апарып күтіп, солардың қолтығына кіріп алыпты. Әлгі ағамызбен түскен фотоларына дейін өшіріп, бұрынғы ортасынан теріс айналып кетті. Оның бәрін әлгі ағамыз естіп, біліп отырған.

Сонымен жарты жылдан соң ағамыз толық ақталып шықты. Шыққан күні жағдай сұрасуға үйіне барсақ, әлгі “досымызда” сол жерде тұр. Оған қол бердік те қойдық.

Сөйтіп тұрғанда ағамыз мінген көлік келіп тоқтап, бәріміз амандасып жатырмыз. Сөйтсек әлгі досымыз ағамызды елден ерекше құшақтай жөнелмесі бар ма, жағдай сұрасып!

Біз тұрмыз аң-таң болып. Бірақ ағамыз “Жабыса бермеші ей!” деп оны кеудесінен итеріп қуып жібергені.

Анау сонда да жылпостауын қоймай, тым құрығанда ағамыздың достарының досына айналғысы келіп жүгіріп жүрген. Бірақ, сол күннен бастап маңына жолатпай қойды.

Осыған дейінгі атасы мен күйеу баласының тірліктеріне қарасам осы “досымның” тірліктері есіме түсе береді. Не деген не мынау?

Жарайды, өз өмірлері ғой. Қалай өмір сүрсе де өздері білер. Мені қызықтырып тұрғаны — бостандыққа шыққан Қайрат Сатыбалды мыналарға әлгі ағамыздың істегенін істей алады ма? Ол жағын уақыт көрсетер.

Келесі қадамдарына қарап топшылай жатармыз. Әзірге бұл мәселені осы жерден қалдырып, келесі мәселеге көшсек.

Кешегі сұхбатын толық көрмесем де, “риторикасын” шолып шықтым. (Оның әрбір сөзін тыңдап отыру маған маңызды емес)

Назарбаевтың дәуіріндегі берген бұрынғы сұхбатымен салыстырдым. Екеуінің “екпіні” екі бөлек. Бұрынғысында сұрақтарға берген жауаптарында жалтақтық басым. Түсінігін ашып айтпайды. Түлкібұлаңға салып “не бар емес, не жоқ емес” етіп жауап беріп отырады.

Негізгі өзара айтатын ойларын мен біліп тұрғандықтан, көпке айтқанда бүгіп қалған тұстарын өте жақсы көріп тұрмын.

Ал кешегі сұхбатында басқаша. Ойын еркін айтып отыр. Қорқыныш, бұрынғы жалтақтық жоқ. Барын бардай жіберіп тұр. Екі сұхбаттың ерекшелігін мен анық көріп отырмын.

Бұл қалай болғаны? Оны осылай “даңғырлатып” отырған не құдірет деп ойланып қалдым.

Әдетте кез-келген мал жан шығарарда тұяғын бір серпетіні бар. Немесе бұрышқа тақалған қорқаудың соңғы сәтте бір атылатыны бар. Бұл сұхбаттан мен ондайды көре алмадым. Яғни бұл сұхбат “тұяқ серпу” емес. Сонда бұл не?

Бұған дейін Дос Көшім деген ағамыз “Халифат құрып” сол арқылы дінді басқаруды ұсынған. Бұл ненің құдіретімен айтылып жатқан дүние?

Бүгіндері босап жатқан Қайратпен бұл әңгімелердің арасындай байланыс бар ма?

Сұрақ көп. Жауап — әртүрлі ойларға жетелейді.

Менің ойым әзірге төмендегідей:

Баяғы “Нұрклан” өздерінің етек-жеңдерін жинап, жаңа компания бастап жатыр. Бұған дейін басшыларынан айырылған вахабо-сәляфиттер “жынынан айырылған бақсы секілді” сенделіп қалғанымен, жойылып кеткен жоқ.

Олардың потенциалын пайдаланса қай жерге дейін бара алатынын Қаңтар қырғыны көрсетіп берді. Оларды тек пайдалана білсе болғаны.

Кешегі екі кісінің сұхбаттағы ашық “лозунгілері” — сенделіп қалған тобырға “жарқын болашақтарына” үміт силау, өздерінің тірі екендіктен, керек болса ірі екендіктерін көрсету.

Әлгі екеуіне жауап берген муфтияттың жазбаларын оқи алмадым. Демек жауап берілмеген. Неге?

Осы сәт Муфтияттың өре түрегелетін жері емес пе? Нақты жауап беріп ауыздарына құм құятын. Біздердің оларға қарсы айтар уәждерімізде “аяқ тірейтініміз” Муфтияттың жауабы болуы керек емес пе? Шариғи жауаптарын берсе, саяси жағын қоғам өзі-ақ талдап алады емес пе?

Түсініксіз!

Демек, сыртта жүрген “Нұрклан” тарапынан елімізде бір компания басталып жатқаны анық. Әзірге осы вахабо-сәләфиттер арқылы бастап көрмек. Ал Қайрат Сатыбалдының бостандыққа осы сәттерде шығуы сәйкестік пе, әлде соны алдынала білген “Нұркланның” ертерек қамданған жоспары ма, ол жағы белгісіз.

Бірақ дәл осылай Қайратты қайтадан лидер қылып күшейтеміз деген жоспарлары болған болса, бұл тым қарабайыр жоспар. Ондай ақымақ деп айта алмаймын оларды.

Сондықтан менде бұдан сәл күрделілеу ой туып тұр. Менің ойымша Қайрат Сатыбалды өзінің шығуына дейінгі Дос Көшім мен Дарындардың “даңғырлап” жатқандарынан бейхабар.

Бірақ оның шығуын өз ойындарына пайдаланғысы келіп алдынала дайындалған “Нұркланның” ойыны деп ойлаймын.

Чемпиондарды жинап дастархан жайып, олардың медальдарын тағынып елге “сес көрсетіп” жатқандардың тірлігі — қай жаққа болса да жалп ете қалуға ыңғайлы позицияда өздерін ұстап тұру деп білемін(Жоғарыда мысалдағы “досым” секілді).

Ендігі мәселе — Қ.Сатыбалды оларды “жабыспаңдаршы е” деп көкіректерінен итере алады ма, жоқ па?

Бұл үлкен сұрақ!

Соған байланысты бірәз мәселені бағамдауға болады. Қалған ойымды сол кезде тағы бір жазармын.

Рүстем ӘШЕТАЕВ, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.