Елтаңба жасқа да, кәріге де түсінікті болуы керек
Мемлекеттік рәміздер – елдің басты нышаны, беткеұстары. Кезінде мемлекеттік әнұранның қалай таңдалғанын, елтаңба бойынша қандай конкурс өткенін жақсы білеміз. Елтаңбаны өзгерту туралы, жаңа заманға сай етіп, қайта жасау туралы қоғамда сұраныс бар. Осыған орай жазушы Жарас Сәрсек өз пікірімен бөлісті деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.
Көк байрағымыз да үлкен іріктеуден кейін, көпшілік пікірімен таңдалған еді. Соның ішінде дәл қазіргі елтаңбаның бекітілуіне халқымыздың аяулы перзенті, жазушы ағамыз Әбіш Кекілбаевтың пікірі әсер етті деп ойлаймын. Әйтпесе сол тұстың өзінде елтаңбадағы символдардың көптігі, ондағы жұлдызшаның артық екені, ұшатын ат ұғымының халық түсінігімен сәйкесе бермейтіні айтылды.
Комиссия мүшелерінің өзі бірталай кемшіліктерді атап өтті. Алайда, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаевтың қолдауының арқасында дәл осы елтаңба нұсқасына басымдық берілгені белгілі.
Одан беріде де елтаңбаны өзгерту, кейбір элементтерін ауыстыру туралы арагідік ұсыныс айтылып жататын. Ал жастар арасында сауалнаманың жүргізіліп, сұралған 500 ұл-қызымыздың 70 пайызының елтаңбаны білмеуі, оны басқа елдің мемлекеттік елтаңбаларынан айыра алмауы баршамызға ой салды.
Жастардың көпшілігі елтаңбаның тез жаттала бермейтінін, ондағы белгілерді есте сақтау қиындығын, тіпті кейбір элементтердің не мағына беретінін түсінбейтінін айтқан. Сондықтан, жастардың санасына, түсінігіне жақындатып елтаңбаны өзгерткенде тұрған ештеңе жоқ.
Оның үстіне, елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков ағамыздың көзі тірі. Сол кісінің пікірін тыңдап, халықтың ұсыныстарын електен өткізіп жаңа елтаңба жасауға әбден болады деп ойлаймын.
Жалпы, елтаңбаның өзі жасқа да, кәріге түсінікті болатындай, қарапайым да анық болғаны дұрыс қой.
Жарас Сәрсек,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Фото ашық дереккөзден алынды.