Елтаңбамен бірге теңге де ауыса ма?

0
119

Ұлттық банк Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасын өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда банкноттар өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.

«Банкноттар мен монеталардағы мемлекеттік рәміздерді ауыстыру мәселесі түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін және Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін қаралуы мүмкін», — делінген Ұлттық банктің Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында.

Ведомство бұл жерде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң сөз етіліп отырғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекеттік елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын.

«Жалпы халықтық келісім болса, барлық аспектілерді жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау жүргізетін арнайы комиссия құрып, Қазақстанның жаңа мемлекеттік Елтаңбасының ең үздік эскизіне ашық конкурс жариялауға болады», — деді Мемлекет басшысы.

Фото ашық дереккөзден алынды.