Ер баланы тәрбиелеуде неге енжармыз?

0
212

Кейінгі кезде ажырасу, отбасылық зорлық-зомбылық, жетімдер жайы бәріміздің пікір білдірмей қалмайтын бір күрмеуі күрделі тақырыпқа айналып кетті ғой. Осының барлығы екі жасты үйленбес бұрын курсқа жіберіп оқытумен шешілмейді.

Әрқайсыңыз өзіңізге бір сырт көзбен қараңызшы. Мысалы, өзіме ата-анам талапты жоғары қойды, өзге қазақ отбасылары сияқты «ертең жар боласың, ертең ана боласың, келін болып бір әулетке барасың» деп, «анау ұят болады, мынау жаман болады, анау обал болады» деп өсірді, бірақ бір қуанатыным — оқытты әрі оқуға қатысты тіпті қарапайым курс болса да қолдау көрсетті. Өкініштісі, барлық отбасында ондай емес қой. Неге тек қыз баланы «ертеңге» дайындап, ер балаға талап қоймаймыз?

Мысалы, Алла нәсіп етсе, өз баламды «ертең әке боласың, жауапкершілік арқалап отбасыңа қорған боласың, бас боласың» деп өсіргім келеді. Ең құрығанда өзінің артынан өз ыдыс-аяғын, киім-кешегін, өзіне тиесілі затын жинап бала-шағасына тұлғасымен үлгі болғанын қалар едім. Отбасындағы жауапкершілік ұғымын ерте бастан ескертіп, баулыр едім.

Қоғамда қандайда бір ажырасқан келіншекпен сөйлессең, ар жағында ерінің жауапкершілігі жоқтығын, отбасы болуға дайын болмағанын, тек өзін ойлап, мән бермегенін, баланы жалғыз әр үйірмеге, ауруханаға сүйрегенін, сырласа алмағанын, ерінің отбасылық ұсақ-түйек іске икемі мен ұйымдастыру қабілеті жоқтығын айтып жатады. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, бұл неке куәлігін берместен бұрын 1 ай курста оқыта салатын дүниелер емес, бұл бала кезден ата-ана үйретуі керек, айтып түзетуі керек дүниелер ғой.

Алаш қайраткерлері жайдан жай «Психология», «Педагогика» кітаптарын жазбаған болар… Бейбіт қоғамның басы — отбасы.

Дана Сүлейменнің

әлеуметтік жазбасынан алынды.

Фото ашық дереккөзден алынды.