Ердоған Орта Азиядағы Путиннің ықпалына соққы бермек

0
246

Түркияның «Түркістан» ұғымын елдің білім беру бағдарламасына енгізуі — үлкен идеологиялық революция, әрі бүкіл түркі әлемінің геосаяси картасына елеулі әсер ететін батыл қадам деп пайымдайды DALA INSIDE.

Бұйырса, бұл бастама тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мен жаңа идеологиялық доктринаның негізі болады. Ердоғанның «Түркістан» ұғымын қайта жаңғыртуы Путиннің ұзақ уақыттан бері сақтап келген «soft power» (жұмсақ күш) саясатына жасалған соққы.

Осынау шешімнің астарында Анкараның аймақтағы лидерлік позицияға таласып, Мәскеудің Орта Азиядағы ықпалын шайқалтуға бағытталған стратегиясы жатыр.

Ердоған аймақтағы Кремль үстемдігіне ашық түрде қарсы шығып, біріккен түркі кеңістігінің негізін қалауға бел буған сынды.

«Түркі ғасыры» идеясы Анкараның аймақтық көшбасшылыққа талпынуы ғана емес, түркі халықтарының «жаңа бірлігін» (жаңа формадағы ынтымақтастық) қалыптастыруға деген ұмтылысы іспетті.

«Түркістан» терминін тірілту арқылы Түркия Ресейдің Орта Азиядағы интеллектуалдық кеңістігіне шабуыл жасап отыр.

Осы концепцияны санамызға сіңдірген Қызыл империя аймақты тек экономикалық және саяси мүдде арқылы өлшеген болса, «Түркістан» атауы жадымыздан ұмытыла бастаған рухани-мәдени кодты қайта жаңғыртады.

Оның ішінде түркі халықтарының ортақ әліпбиін, ортақ тарихы мен карталарын жасау арқылы біздің санамызға ортақ болашаққа деген сенім ұялату мақсаты бар.

Былайша айтқанда, бұл — Мәскеуді ықпал ету аймағынан айыруға бағытталған геосаяси операция. «Түркістан» — бұл жай атау ғана емес, жаңа әлемдік тәртіпке қол созу.

Анкараның әмбициясы — аймақтық ойыншыдан жаһандық ықпалды күшке айналу. «Түркістан» ұғымы тек Орта Азияны ғана емес, керек десеңіз Ресейдің өзіндегі түркі тектес халықтарды да біріктіруі ықтимал…

Мәселе, осынау өзгеріс Мәскеудің «зәдний дворы» саналатын Қазақстанның Түркияға қарай ойысуына түрткі бола ма? Анкарамен тарихи байланыстарды нығайтып, ортақ болашақты Түркиямен бірге құрысуға дайынбыз ба?

«Түркістан» тек білім саласындағы термин емес, ол болашақтағы геосаяси жобаның атауы болуы мүмкін. Егер түркі халықтары біріксе, онда Ресейге қарсы жаңа экономикалық және саяси блок қалыптасуы ғажап емес.

Мұны жақсы түсінетін Кремль түркілердің ортақ тарихы, тілі, картасы, әліпбиі секілді элементтерді қайта біріктіруді көздеген Анкараға кедергі келтіруге тырысары анық.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.