Ерекше бала үшін арнайы мұғалім дайындау қажет пе?

0
270

Ерекше балалардың жылдан жылға саны артып жатқанын сіздер де естіген боларсыз. Ал, мектепке қабылдау кезінде мектеп әкімшілігі бағалау жұмысын атқаруына тыйым салынғанын естіген бе едіңіз? Мен білмеппін. Балаларым есейіп кетті ғой.

Бұл өзгеріс ерекшелігі аса қатты һәм бірден байқала қоймайтын балалардың нормаға сай деп саналатын балалар қатарлы қарапайым мектепте оқуына мүмкіндік ашып отыр. Бірақ, бір жағынан қуантарлық жағдай бола тұра бірқатар кемшілікті ортаға шығарды.

— Кей ата-ана баламды кемсітер ме екен деп алдын-ала ескертпейді. Ескертілмеген мектеп әкімшілігі жылдық білім беру жоспарын құрарда баланың қажеттіліктерін ескермейді.

— Мұғалімдердің басым бөлігі ерекшелігі бар балалармен қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Олар да кәдімгідей уайымға салынады. Бір топ балаға білім берудің өзі оңай емес. Ал сол топтың ішінде бөлек-бөлек ерекше қажеті бар бірнеше оқушы болса қайтпек?

— Сынып оқушыларына баланың ерекшелігі жайлы ашық айтылмауына, бірлесіп ойнау арқылы қарым-қатынас құру амалдары үйретілмеуіне байланысты үрей, буллинг және басқа жайғдайлар туындайды. Бұл болса айналып келіп ата-аналардың арасындағы наразылыққа алып келеді.

Және басқа, тағы да тағы…

Семинарларды көбейте түсу керек дейін десем ол да көбіне тек ақпарат берумен шектеліп қалып жатады. Тек жалпылама мағлұмат беріледі. Практикасын өтуге, түбіне жетіп, жіктеп отыруға уақыт та жете бермейді.

Бүгін қызымның мектеп әкімшілігімен сөйлесіп отырып, ерекшелігі бар балаларды қабылдау міндеттелген бойда сол балалармен жұмыс істеуді мұғалімдерге үйрететін, сыныптастарымен қарым-қатынасты үйрететін, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін маманды да алуға міндеттеу керек пе еді деген ойға келдім.

Иә, психолог, логопед деген мамандар бар барлық дерлік мектепте. Дегенмен олардың бәрі ерекше баламен қалай жұмыс істеу керегін біле бермейді, өкінішке қарай.

Мемлекет бұны реттейін дегенше уақыт керек, әрине. Бәлкім, жекеменшік мектептер қолға алар қазірден деп жазып отырмын. Себебі, саны артып жатқан балалармен жұмыс істеуді меңгере алған мектептің де, ұстаздың да беделі жоғарылай түсіп, қызметіне сұраныс арта түсетініне сенімдімін.

Айкерім ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.