Ермек Тұрсынов: “Мен мемлекеттен қаржы ұрламадым!”

Антикор да тексерді, Есеп комитеті де тексерді (мені). Тіпті аудандық полиция бөлімі де тексерді. Ештеңе таппады. Егер шын мәнінде ұрлық жасасам, мені баяғыда жауып тынар еді.
Қаржылық мәселе продюсер мен киностудия құзырында. Мен тек шығармашылыққа жауаптымын. Оның үстіне, мемлекет белгілеген әртүрлі салық пен ортақ шығындар бар. Соның бәрін шегергенде, менің (режиссёрдің) тікелей шығармашылық жұмысыма тек 30-40%-ы ғана тиесілі болып шығады (бөлінген қаржының). Оның өзі ақшалай емес, қызмет немесе жабдық түрінде беріледі.
«Бесмойнақ» фильмін мемлекеттік тапсырыспен түсіргеніміз рас. Бірақ прокатқа бірер апта қалғанда, арнайы бұйрықпен көрсетілімге тыйым салынды. Мәдениет министрлігі ол фильмде президентті мазақтау бар деген желеуді алға тартты. Мен келісім бермедім, яғни монтажымды өзгертпедім.
Содан кейін кино мүлдем көрсетілмеді. Картинаны халыққа көрсете алмасам, қайдағы табыс? Өзімнің режиссёрлік жұмысымды аяқтағаным үшін аздаған еңбекақы алдым. «Мемлекеттің қаржысын ұрлады, кино жоқ» деген айып, таза жала.
Фильм бар, тек жарыққа шыға алмай тұр. Министрдің сол кездегі шешімі әлі күшінде. Мен президент Тоқаевтың жеке басына құрметпен қараймын, оған тіл тигізу ойымда болған емес.
Менің жағдайымда бірнеше жол бар: елден кету, үнсіз қалу немесе билікке жағу. Елден кеткім келмейді, бір рет кеттім, жетеді. Үнсіз қалуға да болар еді, бірақ мен көпшілік алдында жүрген адаммын. Мені халықтың өзі сөйлетеді, мен солардың үнін жеткіземін.
Мен шығармашылық еркіндік үшін күресемін, ақырына дейін айтамын. Сөз еркіндігін қорғай алмасақ, онда бұл қоғамға шығармашылықтың да керегі шамалы.
Ермек ТҰРСЫНОВ, кинорежиссер.
Фото көрнекілік үшін.