“Есектерден ұяламын” дейді Аятжан Ахметжанұлы

0
904

Назарбаев зияткерлік мектебінің баласы мұғалімді боқтады. Енді осы боқтық туралы ойланып көрейікші. Ең алғаш мектепте мұғалім болғанда оқушылардың аузы неге лас деп ойлайтынмын. Бұл қазір тіптен ауырлап кетті. Қазір қыздарға дейін, кішкентай балаларға дейін боқтап сөйлейді. Тіпті жағаңды ұстайсың кейбіріне…

Оқушылардың мұғалімсіз отыратын чаттарына кіре қалсаң ана жердегі тілдесу мәдениетінен адам шошиды. Біраз жыл осы мәселені көп ойландым. Бірақ, сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды. Себеп, балада емес, себеп қоғамда екен.

Аулада бала ойнатып, балалармен тұра қалсаң, телефонда немесе өзара сөйлесіп тұрған адамдардың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Қасында балалар ойнап жүреді, әлеуметтік орта деп ойланбайды да адамдар.

Көшеде кетіп бара жатсаң, кей адамдардың сөзінен адам ұялады. Сөзден құсық төгіліп, жын шашырап кетіп бара жатқан адамдарды көресің.

Бұндай көрініс кейде тойларда да, үйдің кіреберісінде де көрініп жатады. Тіпті кей отбасында дастарқан басында боқтап сөйлеп, телефонда біреудің шешесінен түсіп, әкесінен жібере беретін үлкендерді көреміз.

Қазақтың ең қадірлі һәм қасиетті шеше деген сөзін боқтыққа айналдырып болдық.

Киномыз толған боқтық, бәйәдеп сөзге толды. Экраннан боқтап сөйлемесе аузының дәмі кірмейтін, этикадан жұрдай ессіз киноларды емін еркін көрсетеміз. Бала шағамыздан ұялатынымыз ұяламыз, ұялмайтынымыз бәрі бір отыра береміз!

Ал, баланыкі не? Сол үлкендердің көрінісі, жаңғырығы, үлесі!

Олар үшін боқтап сөйлеу сән!

Өйткені үлкендер үшін ол батырлық, күштілік!

Бұл өте ауыр!

Қазір мен ұлттық мектепте осы ұл мен қыздың ұлттық ибасын, әдебін қалай қалпына келтірем деп басымды қасып жүрмін. Мектепте күнде тәрбие береміз, бірақ, қоғам лас, есіктен шыға бере бүлінеді. Бұл тәрбие мәселесіндегі ең ауыр түйіннің бірі. Бірге ойланайық.

P.S. Өзім өмірде қанша ашулансам да боқтап сөйлемейтін адаммын. Жалғыз боқтық сөзім бар есек деген, кейде қолдансам да есектерден ұялам)

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, білікті ұстаз.

Фото көрнекілік үшін.