Ешқандай сыйлық алмаған олимпиада жүлдегері кім?

0
312

Ел намысын қорғап, қоржынға медаль салған спортшыларымызға қандай сый-сыяпат көрсетілді? Олимпиада жүлдегерлерін қалай қарсы алдық? Оларға мемлекет тарапынан қанша бөлінеді? Толығырақ Massaget.kz материалында. 

Парижде өткен ХХХІІ Олимпиада аяғына жетті. Қазақстан спортшылары 3 алтын, күміс пен қола жеңіп алды.

Қазақстан:
— Алтын: 250 мың доллар немесе 119 миллион 634 мың теңге;
— Күміс: 150 мың доллар немесе 71 миллион 780 мың теңге;
— Қола: 75 мың доллар немесе 35 миллион 890 мың теңге.

Бұл Олимпиадада жүлде алған Қазақстан құрамасының спортшыларына берілетін мемлекеттік сыйақы. Мұнымен қоса федерация және облысы әкімдігі беретін де сый бар.

Қазақстан қоржынына алтын салған Елдос Сметовті халық аяғын жерге тигізбей қарсы алып, ыстық ықыласын аямады. Спортшыға көлік те, ақша да, тіпті жылқы да сыйланды.

Қазақстандық танымал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов пен Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Парижде алтын алған Елдос Сметовке көлік сыйлағысы келетінін алғаш болып айтты.

Ал ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Ақмырзаұлы Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке құны 100 миллион теңге болатын 100 жылқы сыйлады.

«Елдосты жақын танымаймын, бірақ сырттай бақылап отырмын. Ол Олимпиадада қола алды, күміс алды, «алтын да алсын» деп тілекші болған ағаларының бірімін. Еліміздің көк байрағын желбіреткені үшін, бақытты сәт сыйлағаны үшін 100 жылқыны бердім. Таңертең видеомен сөйлесіп, өзіне айттым», — дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, Олимпиададағы жеңісті отбасымен бірге қараған.

Әнуар Ақмырзаұлының айтуынша, бұл — асыл тұқымды жылқылар. Бір тұлпардың бағасы — 1 миллион теңге.

Танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі де қалыс қалмай, Сметовке асыл тұқымды жылқы тарту етті.

«Мен оны Ел-аға деп атаймын. Менің досым, ағам. Менде бұрын үлкен ағалар берген жылқы бар. Жақсы асыл тұқымды. Соны сыйға тартамын», — деді ол.

Сондай-ақ, Олимпиада чемпионына бес бөлмелі пәтер мен Lexus LX 600, ал бапкеріне екі бөлмелі пәтер мен Hyundai Santa Fe көлігінің кілті тарту етілді.

Бұдан басқа, Елдос Сметовтің үйіне баратын жолға асфальт төселген еді.

Дзюдодан ел намысын қорғаған Сметов сыйға алған екінші көлігін алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға берді.

Бұған дейін Сметовке екі көлік берілген — біреуі Алматыда, екіншісі Таразда.

Кәсіпкер, продюсер Алмас Жали Олимпиадада бокстан күміс жүлдегер атанған Нұрбек Оралбайға алтын сағат сыйлады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Париж Олимпиадасында спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлдеге қол жеткізге Нариман Құрбанов әлі ешқандай сыйлық алмағанын айтты.

«Сыйлық туралы не дейін?! Осы уақытқа дейін ештеңе алған жоқпын. Бірақ Олимпиада аяқталып, Президентпен кездесуден кейін бәрі жақсы болатынына сенімдімін. Оған еш күмәнім жоқ», — деді ол.

Айта кетейік, Олимпиадада күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар сыйақы беріледі.

Парижде өткен ХХХІІІ  Олимпиаданың күміс жүлдегері, палуан Демеу Жадыраев «Жетісу облысының Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды. Оған қоса, анасы Күлипа Бижановаға Жаркент қаласынан жаңа үйдің кілті табысталды.

Жаркент жұртшылығы Демеуге және қос бапкеріне темір тұлпар мінгізді.

Бұдан басқа, Париж Олимпиадасында 77 келі салмақта грек-рим күресінен күміс жүлде иеленген Демеу Жадыраевқа Алматы облысы Талғар қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Ал туған жері Панфилов ауданында спортшыға Toyota Land 300 және 50 мың доллар (23 миллион 926 мың теңге) берілді. Одан бөлек, алдына 1 үйір жылқы салынды.

Спортшының алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғамбеков және жеке бапкері Боранбек Қоңыратов Haval көлігін мінді.

Париж олимпиадасында ел намысын қорғап, Қазақстан қоржынына қола түсірген дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа Алматы қаласы дзюдо федерациясының вице-президенттері Али Хамхоев пен Ержан Зайдинов көлік сыйлады.

Көліктің маркасы — Toyota Land Cruiser Prado 250. Оның нарықтағы бағасы — 40 миллион теңге.

Бұдан басқа, армия спортшысы Қырғызбаевқа мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы берілді. Аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев — Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі.

Бүгін Алматыға Париж олимпиадасында бокстан қола жүлдеге ие болған Назым Қызайбай келді.

Олимпиада жүлдегеріне қандай сый тарту етілгені әлі белгісіз. Алайда бұған дейін спортшы тұратын көшеде жөндеу жұмыстары басталғаны туралы ақпарат тарады. Алматы облысының Қарасай аудандық әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Тарихи жүлде алған мергендер Александра Ле мен Ислам Сатпаевқа да қандай сый жасалғаны белгісіз.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.