Ешқашан ұлтыңды ұятқа қалдырма!

0
186

Бейімбет Майлиннің «Талақ» әңгімесін оқып шықтым! Тым әдемі киіндіріп қойып, суреттейтін дүние екен! Әңгімеде алба-жұлба киім туралы бір ауыз сөз жоқ. Жұпыны тұрмыс сезіледі, бірақ сондай мүсәпір, кісәпір емес енді.

«Айдарбек пен Зейнептің арасында болған талақты Күләмзадан басқа ешкім білмеді. Оңаша үйде жалғыз өзі қуыршақпен отырғанда, жамылдырған жаулығы, киіндірген киімі ретке келмесе «мен сенен талақпын» деп қуыршақты лақтыратын болды. Ерлі-байлы адамның арасындағы жібін талақ үзе алмады. Ескі тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес — некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді…» деп әңгіме аяқталады.

Иә, бұл сурет. Осыны ең болмағанда жақсы киім-кишекпен тәмамдаса бұрынғының барлығы ұмыт болғандай болар еді. Сосын әңгіменің бір тұсында, киімге қатысты ғой, Айдарбек әйеліне қол жұмсайтын сәтте: «Әйтсе де бір ұрмай көңіл көншімейтін болғандықтан, құшырланып, түйілген жұдырықпен желкеге қойып келіп қалды. Текшелеп ораған ақ жаулық — Күләмзаның қуыршағы секілденіп ұшты.» — депті.

АҚ ЖАУЛЫҚ деп жазған! Ал қараңыз! Жазушы Ақ Жаулық десе, бұл үйде тазалықтың барын да білдірген ғой! Ойлай беріңіз! Иә, айтпақшы жыр боп жатқан кинотуындыға қатысты, оның авторында, басқасында менің шаруам жоқ. Мен әңгіме туралы жаздым. Бейімбет ағаның «Талақ» әңгімесін оқып отырып, оны ұлтымыздың көрсе көз сүйсініп, жан жадырайтын ұлттық киім-кишегімен, тұрмысымен суреттеуге болатынын сезіп, білгенімді жеткізгім келді.

Көптің көз алдында ғой! Сол Қытай не араб, түркі тағы басқа елдерде біздің ұлттық киімімізбен көшеде жүрген қыздарымыз бен жігіттерімізге өзге жұрт таңырқап қарап, сырттай сүйсініп жатады. Міне, осы қазақ ұлтының ерекшелігін көрсетіп, әлем халқына ой салып тұрған нәрсе емес пе? Осыны пайдаланып, кинорежиссерларымыз өздерінің кинотуындыларында шетелдіктердің сүйсінісін одан әрмен қазақтың этнотарихымен таңдантып, қайранкөз етіп, дамыта түссе ше?! Кім қолын қағады?

Еркіндікті пайдалан! Бізде намыс жетіспейді. Отангершіл сезім әлсіз. Тек жүлде үшін жұмыс жасау, шетелдіктерге не ұнайды, соны түсіру жағы дамыған. Бұл ұлт үшін қате ұстаным. Кім болсаң да, не істесең де ешқашанда ұлтыңды ұятқа қалдырма!

Мұнайдар БАЙМОЛДА,

Facebook жазбасы.