«Ғани Бейсембаев — қазаққа президент болуға нағыз лайық тұлға!» дейді

Кеше Democrat.kz. сайтында келесі президент кім болады деген сауалға қатысты материал жарияланған болатын. Осы материал бойынша әлеуметтік желіде өз пікірін жазған оқырманымыз «Қазақстанның келесі президенті — Ғани Бейсембаев» деп, сөзіне дәлел келтіріпті.
Оқырманның қазіргі Оқу ағарту министрі ғани Бейсембаевты не себепті келесі президент болуға лайық көретін бұл жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сіз қалай ойлайсыз? Пікір иесі Әли Акбар атты азаматтың сөзімен келісесіз бе?
«Асхат Аймағамбетов — болашақ президент» деп жұртты адастырудың ешқандай қажеті жоқ. Келесі президентіміз болуға лайық, дайын тұлға бар. Ол — Ғани Бейсембаев!
Қазіргі Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қай жағынан алып қарасаңыз да, Қазақстанды ұршықтай иіріп басқаруға лайық тұлға.
Министр болып келген аз ғана уақытында Ғани Бектайұлының атқарған шаруаларын санап шығу мүмкін емес. Мұғалімдердің аттестациясын қолға алды.
Нәтижесінде елдегі мұғалімнің бәрі ең жоғары көрсеткішке ие болып, біліктіліктері артып, білім беруге білек сыбана кірісті.
Білім сапасын арттыру жолында жанын құрбан етуге даяр қазіргі министр Ғани Бейсембаев — ел ертеңі үшін таптырмайтын азамат дер едім.
Ғани Бейсембаев білім саласының тізгінін алған күннен осы саладағы жемқорлықты жоюға бар қара күшін салып жатыр. Нәтижесінде жемқорлықпен ұсталған мектеп есепшілері, мұғалім, директорлардың санынан жаңылдық.
Жемқорлықтың білім саласында жойылуы — Ғани Бектайұлының арқасында деп сенімді түрде айтуға болады.
Ғани Бектайұлы қазақ тарихында аты алтынмен жазылатын жемқорлықты жойған және жеңген тұлға деуге әбден болады.
Білім сапасының күн санап артып жатқанын жылдағы ҰБТ көрсеткішінен көруге болады.
«Мұғалімдерді қорғауға әрдайым дайынмын!» дейтін министрі артында тұрған қазіргі мұғалімдер бүкіл шаруасын тестпен шешіп тастап, бүкіл курсты оқып тастап, енді қай елдің білім беру әдісін оқысам екен деп ізденісте жүр.
Ғани Бейсембаев — министр ғана емес, ұлы саясаткер. Ішкі саясатты ғана емес, сыртқы саяси жағдайларды да жіті назарда ұстайтын сарабдал саясаткер.
Мұның дәлелі — «бізде сұраныс жоқ» деп ресейлік әріптестері Ресейде қазақ мектептерін ашқысы келмей бұлталаққа салып отырғанда, біздің министр Қазақстанда орыс мектептерін ашу туралы жоспарды осы жылдың соңына дейін реттейтінін айтты. Міне, нағыз батырлық! Міне, нағыз сарабдал саясаткерге тән қасиет!
Қазақстан мен Ресей елдерінің арасын жалғаушы алтын жіпті басқа емес, Ғани Бектайұлы байлады десек болады.
Осындай халқы үшін дара туған ерекше азаматты Қазақстанның президенті етіп сайламау — елдігімізге сын болмай ма?
Дәл Ғани Бектайұлындай жаны да, санасы да таза қазақ адам билікте жоқ. Қазақтың қараңғы түніне жарқырап шам болып жанатын, ұлтты ұйыстырып, үлкен күшке айналдыра алатын тұлға — тек Ғани Бейсембаев.
Шындықты мойындайық, қазақша ойлап, қазақша түс көрмейтін адамның ұлтқа жаны ашымайды. Ал министр Ғани — нағыз қазақ ғасырлар бойы аңсаған ұлы тұлға!
Асхатты министрліктен бір түнде ұшырған Ғани Бейсембаевтың қаншалықты күшті екенін көрсетпей ме?
Ғани Бектайұлының қорғаушысы, қолдаушысы өте мықты. Қазақстан былай тұрсын, Орта Азия, Ресей ол кісіні қолдайды.
Өткенде бір мұғалімдер «Министр кетсін»деп арыз жазды. Түк болмады. Жақында петиция жазды сол мұғалімдер. Түк болмады. Болмайды да Ғани мырзаға! Неге?
Себебі ол өз орнын ойып тұрып тапқан адам, саяси қолдаушысы мықты саясаткер. Так што, босқа тыраштанбаңдар! Келесі президент 100% Ғани Бейсембаев болады!» деп жазады Әли Акбар атты әлеуметтік желі қолданушы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.