Ғани Бектайұлы, министрлік өкілі өз бетімен шешім шығара бере ме?

11 ақпан күні Атырау қаласында облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен үлкен жиын өтті. Жиынның мақсаты – аттестация ережелерімен таныстыру, шешілмей жүрген сұрақтарға жауап табу, заңдылықтарды түсіндіру және облыс көлеміндегі мәселелерге жауап беру еді.
Бұл жиынға мен де қатыстым. Делегаттар өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісіп, жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Жиын соңында сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылды. Бұл жиынның негізгі форматы да дәл осындай болды – мәселелерді талқылау және ұсыныстар беру.
Жиын барысында көтерілген мәселелерден бөлек, мен де бірнеше ұсыныс жасадым. Бұл жеке басымның мәселесі емес еді. Екі негізгі ұсынысымды жеткіздім:
Қосымша сағаттарға қосымша ақы төлеу мәселесін қарастыру.
Әлеуметтік келісім аясында бірлестік жетекшілеріне, бухгалтерлерге еңбек демалысына қосымша 3 күн ақылы демалыс беру қарастырылған.
Дәл осылай, қазіргі таңда бағдарламаны әзірлеп жатқан жұмыс тобының мүшелеріне де (өз қызметтерінен босатылмай, тегін жұмыс істеп жатқан) қосымша 3–6 күн ақылы еңбек демалысын қарастыру жөнінде ұсыныс айттым.
Айгүл Мақсатқызы бұл ұсынысқа басын шайқады, ал ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы Дүйсенбаева Айман Телманқызы:
– Егер бағдарлама әзірлеу барысында шаршасаңыз, одан бас тартыңыз. Сізді ешкім күштеп ұстап отырған жоқ. Бұл пікіріңіз орынсыз, тем более көшбасшылық курсын аяқтаған болсаңыз, – деді.
Мен бұл жерде бағдарламаны әзірлеп жатқан мұғалімдердің 2022 жылдан бері жаз бойы демалыссыз еңбек еткенін бұлдап отырған жоқпын.
Бірақ оларға әлеуметтік қолдаудың берілуі – ынталандыру мен мотивация үшін маңызды деп ойладым. Бағдарлама әзірлеу тобының мүшелері өз пікірлерін білдіре жатар.
Бұл жұмыстары үшін тек марапат пен аттестация кезінде ғана ескерілетінін бәріміз білеміз. Бірақ ешқандай әлеуметтік қолдау болмайтыны анық.
Егер мен бұл мәселені қозғамасам, басқа ешкім де қозғамайтыны белгілі. Бірақ неге бір реттік қосымша демалысты қызғану керек? Олардың еңбегі бұл артықшылыққа лайық емес пе?
Көшбасшылық үнсіздік емес!
Ең қатты ренжіткен нәрсе – министрлік өкілінің сұрақты бірден шорт кесіп, өз бетінше шешім шығаруы. Мен мұны оның субъективті көзқарасы деп қабылдадым.
Сондай-ақ «көшбасшылықты аяқтадың ба – енді аузыңды ашпа» деген сыңай танытқаны ашуландырды. Неге мен сұрақ қоя алмаймын?
Көшбасшылық курсы бізге барлық сұрақтың жауабын алуды немесе сәуегей болуды үйреткен жоқ. Біз басқарудың жаңа бағыттарын, өзгерістің не үшін қажеттігін, оны қалай басқару және жүзеге асыру керектігін оқыдық.
Бірақ ол жоба біздің құқықтық және әлеуметтік мәселелерімізге жауап бермейді.
Сонда сіздер: «Біз оқыттық. Енді ауыздарыңды жауып, үндемей басқарыңдар. Басқарудың жаңа форматы – үнсіз басқару» дегілеріңіз келді ме?
Бірақ мен олай ойламаймын. Көшбасшы – тек басқарушы ғана емес, әділдік пен жақсылықтың жаршысы.
Ол тек бұйрық беріп отыратын адам емес, өзі де сұрақ қойып, өзгерісті бастауға тиіс жан.
«Шындық жоқ жерде сұмдық көп.» Егер біз әділетсіздікке үндемей қарасақ, ертең өзіміз де сол жүйенің құрбаны боламыз.
«Көп түкірсе – көл болады.» Бүгін бір адам өз құқығын сұраса, ертең оның жанында жүздеген, мыңдаған адам тұруы мүмкін.
«Батыр бір оқтық, шешен бір сөздік.» Айтылған сөз – атылған оқ. Мен өзім үшін емес, болашақ үшін, білімді ұстаздарымыздың еңбегі еленуі үшін сөйледім.
Егер бұл ұсынысты қабылдамасаңыздар да, ең болмағанда оның мәнін түсінсеңіздер екен.
Көшбасшы үнсіз қалса, ол көшбасшы емес. Көшбасшы болсаң, әділетсіздікке қарсы тұруың керек!
Құрметті Ғани Бектайұлы! Бұл маманыңыз өзі шешім шығара береді екен. Сіздермен ақылдаспай ма? Басқа жұмыс тобының мүшелерімен санаспай ма?
Жанар САҒЫНБАЙ, белсенді ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото интернеттен.