Ғани Бектайұлы, мұғалімнен жиналған миллиардтаған теңге қайда кетіп жатыр?

0
3353

Журналист Ботагөз Омарова Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа сауал жолдады деп жазады Democrat.kz.

Журналист бұл туралы өзінің Телеграм арнасында жариялады.

Өз сауалында Ботагөз Омарова: «Ғани Бектайұлы, біздің мұғалімдер қашаннан бері сауын сиырға айналған? Сөзіме дәлел ретінде айтып өтейін, жақында мұғалімдерді «Күнделік» платформасы бойынша курста оқытты. 15 сұрақ-жауаптан тұратын бұл курс өте жеңіл.

Алайда министрлік осы курстан өткені туралы мұғалімдер сертификат алсын деп міндеттеген. Сертификат тегін емес, 2500 теңге тұрады. Сұрақ: Қанша мұғалім сертификат сатып алды? Ол ақша қайда кетті?

Келесі мәселе — енді «Темір» деген платформа пайда болыпты. Бұл да мұғалімдер туралы дерек жинайтын онлайн-платформа. Осы платформаның базасына ену үшін мұғалім дипломын жүктеуі керек. Педагогтар «e-gov»-тан дипломын жүктеуде. Әйтсе де, Оқу ағарту министрлігі әлдебір анықтаманы қосып талап етуде. Ал ол анықтама тегін емес, бағасы — 36 мың (!) теңге.  Ғани Бектайұлы, мұны кім ойлап тапты?

Үшінші мәселе — сіз өзіңіз мұғалімдердің сынып жетекшілікке қосылатын ақшасын көбейтеміз дедіңіз. Сынып жетекші — екпе алушының есебінен бастап, участокты аралап, бала түгендеу, «Күнделік» толтыру, сабақ өту т.б көп шаруамен айналысады. Міне, сол үшін бар болғаны — 10 мың теңге алады.

Ғани Бектайұлы, сіздің таңғы кофеңіздің бағасы 10 мың теңгеден қымбат. Айтыңызшы, берген уәдеңізді орындайсыз ба? Қашан?

Оқу ағарту министрлігінің мәліметінше елімізде 500 мыңнан астам мұғалім бар. Жоғарыда айтқан сертификат пен анықтамадан жиналған ақшаны осы 500 мыңға көбейтсек, аз сома шықпайды. Ғани Бектайұлы, бұл ақшалар қайда кетіп жатыр?»- деп жазды.

Редакциядан: Оқу ағарту министрлігі мұғалімдерге міндеттеген сертификат пен анықтаманың орташа сомасын есептеп көрдік. Егер Қазақстанда 500 мың мұғалім бар десек, онда сертификат үшін шамамен — 1 250 000 000 теңге жиналса, ал анықтама үшін — 18 000 000 000 теңге шығады екен! Бір ғана анықтама, сертификат үшін шамамен — 19 250 000 000 теңге жиналған ба? Мына ақшаларды тиісті орган шұғыл тексеруге алады деп сенеміз.

Осыдан кейін қазіргі Оқу ағарту министрлігінің не себепті мұғалімдерді түрлі жобалар мен онлайн курстарға, тесттерге жегіп қойғанын «мұзжарғыш министр» болмай-ақ түсіну қиын емес-ау?! Қалай ойлайсыз?

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.