Грекияның пенальтимен жеңілуі мүмкін бе еді?

0
359

Былтыр күзде біздің ұлттық құрама Словениядан жеңілгенде бұл бір досыма ерекше ауыр тиді. Ол «бүйту керек, сөйту керек еді, ана жерден қателік кетті» деп біраз жеңсік бермеген — ді.

Мен оны қалай жұбатарымды білмей, «бұлардың осылай жеңілгені де дұрыс шығар, өйткені Евроға барсақ ол жерде германия, испания, франция деген ағайындар бізді 8- 0, 10- 0 деген есеппен айырып тастамай ма, қалай өзі, біздің деңгейіміз оларға шыдас бермейді ғой, бізге ол жаққа баруға сәл ертерек емес пе» дегенде ол жолдасым ойланып қалып осы сөзге тоқтағандай болып еді.

Расында футболда команданың деңгейі деген болады. Футбол мамандары құрамаларды, клубтарды сол ойыншылардың ойынының деңгейіне, нәтижесіне қарап рейтинг анықтайды.

Қанша желпінсек те сол мамандар әйтеуір біздің құраманың деңгейін рейтингте 100 ші орыннан түсірмей қойды.

Демек, біз былтыр өз құрамамыздың сәтті ойындарына рухтанып оған деген обьективті бағаны көрмей соқырсып отырғанымызбен, олар біздің құраманың деңгейін байқап отыр.

Олар сырттай біздің құраманың мүмкіндігін көріп отыр деп ойлаймын. Құраманың ойындағы қателіктері жетеді.

Біздің құрамаға расында Евроға баруға ертерек ау… Мынадай ойынмен Евроның тісқаққан тарландары ана жақта бізді 15- 0 деген есеппен кәттәпи қылады. Позор боламыз.

Ондай додаға сәл жақсы ойнап бару аздық етеді.

Ондай додалы жерлерге мықты футбол деңгейімен барған абзал.

Іріктеу кезінде біз топтық ойындарда әлсіз құрамалардың арасында да керемет футбол көрсете алмадық бірде жеңіліп, бірде жеңіп жүре жеттік, шыны керек пенальтиден салған жеріміз көп болды. Қалғаны тек біздің эмоция болды. Осыны Әзірбайжан құрамасының бапкері айтқан еді, оны боқтап жібергендей болдық.

Ал Евро додаға, акулалар арасына ондай ойынмен шығу деген….

2021 жылы Франция құрамасы бізді 8-0 қылған болатын.

Керек болса олар соны Евро додада тағы қайталап бере алады.

Себебі бұл екі команда (Қазақстан мен Франция) екі түрлі деңгейдегі командалар.

Бұл ойында тағы Грекияның деңгейі көрінді. Грекия Евроға дайын екен. Бұл құраманың қорғанысы да, шабуылы да, ойыны да өте жақсы, мықты деңгейі де бар. Пас беру шеберлігі, прессингі, физикасы, шабуыл ұйымдастыру мүмкіндігі.. Құрама өз бабында.

Меніңше Грекия құрамасы Евроға әбден лайық. Және олар ол жерде мықты ойын көрсете алады.

Бұл матчтың алдында біздің сарапшылар Грекия құрамасын түсіріп, дұрыс бағаламай өзіне көп алып қойды деген ойдамын. Ондай дәнеңесі жоқ, Грекия өз орнында.

Әрине «Адиев ананы неге шығармады, мынаны неге шығармады» деген бітпейтін әңгімелер кез келген жеңіліс кезінде болады, бола да береді.

Жалпы құрамаларда физикалық бапкер деген болады. Солар бас бапкерге жаттығу барысында «анау дайын, мынау бабында тұр, түген өз күшінде тұр, пәлен дайын емес ақсап жүр» деп тізім беріп отырады. Адиев бұл ойында сол негізде құрамасын жасақтап өз стратегиясын құрып барымен базар боп шыққан болуы керек.

«Тағыбергенде — жарақат бар, Оразовты екінші таймдағы шабуылды ойынға дайындаймын, бірінші таймда физикасы жақсы жастарды жүгіртіп қорғанамыз, екінші таймға дайындаламыз» дегендей…

Қысқасы, Адиевтің бұл стратегиясы жүрмеді.

Грекия құрамасы бұл жерде өз ойынын жүргізді. Грекия кәдімгі еуропалық құраманың ойынын көрсетті.

Осы матчтың алдында біздің сарапшылардың «Грекияны пенальтимен жеңеміз ау» деген дәмесі де болған. Оған қазір күлкім келеді.

Иә бұндай деңгейдегі Грекия пенальти сериясымен жеңілуі мүмкін, тек бізден емес, Франция құрамасынан.

Қалай болса да жеңілдік, өте абидна жалпы.. Тең теңімен демекші, деңгейді ұмытпау керек ағайындар, өз деңгейімізді.

Олжас Әбілдің

Facebook парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.