Гүлзира Айдарбекова: «…көңілім жараланып қалды»

0
756

Танымал продюсер, менеджер Гүлзира Айдарбекова су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау білдірді. Бұл туралы Democrat.kz. ақпараттық порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап

Өнер иесі өңірлерді аралап, су астында қалған үйлерді көзбен көрмек.

“Отандастарым! Батыстағы, шығыстағы, солтүстіктегі, орталықтағы жайсаң жұртым! Дәл қазіргідей абыржы кезеңде өкпеге өкпе қосып немесе өзі алаң көңіл халыққа ақыл айтып, ақылгөйсігім келмейді.

Тек ана көңілім, сонша жараланып қалғанын мойындаймын. Әкемнен қалған көз еді, анамнан иісі шығып тұратын шаңырақ еді деп езілген жандарды, шошынып қалған балаларды, әбден зәрезап болған қарияларды көріп қалай езілмейін?.. Тағдыры күреске толы қазақ халқы қашан қамсыз өмір сүреді екенбіз?

Бәріңіз бөтен емессіздер, Қайрат сахнаға жаңадан көтеріліп, әндерін шығара бастағанда ә дегеннен қолдап, қиялына қанат бітірген сіздер, елдегі, ауыл-аймақтағы ақжүрек халық! Соның бәрін ұға тұра, сезе тұра біз қалай қамсыз отырайық”, – деп жазды продюсер.

Сөзіне сенсек, отандық шоу-бизнес өкілдері әлі де қаражат жинауды жалғастырып жатқан көрінеді.

“Әрине, өнер адамдарымен, эстрадада жүрген таланттармен бірігіп, жұрт деп жұмылып жатырмыз. Барлық жағдай түзелгенше бір-бірімізбен байланысып отырмыз. Бір емес, бірнеше рет әлі де қаржы жинаймыз, ауызбіршілігімізді жоғалтпайық деп отырмыз.

Бәрінде бір ғана ой – қарғын су құрсауындағы ағайынға көңілімізбен де, көмегімізбен де демеу болу! Сіздермен жүздесеміз, көзбе-көз ақылдасамыз деп, 15-інен бастап жолға шығамыз. Билеттерімізді де алып қойдық. Біраз әріптестеріміз апат болған жердегі халықтың ортасында жүріп, хабардар етіп те отыр.

Біздің өнер адамдары ел басына күн туған қай уақытта да жай отырған емес. Қолынан келгенін жасап, болысып жүреді. Бұл жолы да. Жүйелі жоспар құрдық, жер-жердегі өнерпаздар бізді қолдап жатыр. Халық қамы үшін көтерілген қазандыққа бұйырған жәрдемімізді саламыз! Жаратқан Ие еліме, жеріме жар болсын!”, – деп қолдау білдірді Гүлзира Үсенқызы.

Фото ашық дереккөзден алынды.