«Халық мені қарғап-сілеуде» деген Хасан Қасымбаев сотқа арыз түсірді

0
1597

Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан Шерзат ісі тың мәліметтермен толығуда деп хабарлайды Democrat.kz тілшісі DALA INSIDE телеграм арнасына сілтеме жасап.

DALA INSIDE-қа мәлім болғандай, осы істе есім-сойы жиі ұшырасқан Хасан Қасымбаев өзінің ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында марқұм баланың әкесіне және тағы басқа тұлғаларға қарсы арыз дайындап, Талғар аудандық сотына тапсырған.

Хасанның айтуынша, оның атына тағылған айыптар мен қоғамдағы әңгімелер шындыққа жанаспайды. Ол қарапайым тұрмыстық төбелесті ұйымдасқан қылмыстық топтардың арасындағы қақтығыс ретінде көрсетуге тырысып жатыр деген пікірде.

Касымбаевтың пікірінше, оны атышулы қылмыстық топпен байланыстыру негізсіз. Әлгі арызда ол ешқашан кісі өлтіруге қатысты жастарды көрмегенін, білмегенін және олардың әрекеттеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Хасан кез-келген қоғамдық алаңда, тіпті БАҚ арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге дайын екенін баса айтқан. Оның ойынша, бұл оқиға қарапайым тұрмыстық жанжал болған, бірақ оны әдейі бұрмалап, үлкен қылмыстық астар қосып, оның атына кір келтірмекші.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ беттері мен әлемжеліде марқұм Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған бір топ бұзақының «Хутор» атты жергілікті бандымен байланысы бар деген ақпар тараған еді. Бірнеше дереккөз топтың төбе басында Хасан есімді азаматтың тұрғанын жазған болатын.

Алматы облыстық полиция департаменті Шерзаттың өліміне күдікті ретінде ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық еш қатысы жоғын жеткізген.

Белгілі болғандай, қылмыстық топ 2015-2016 жылдары белсенді болған, оның жетекшісі Ержан Қасымбаев адам өлтіргені үшін 15 жылға сотталған, қазір абақтыда отыр.

Қасымбаевтар үш ағайынды. Ақорда маңындағы күбір-сыбырға жақын жүретін инсайдерлердің айтуынша Шерзаттың оқиғасында есім-сойы жиі ұшырасқан атышулы Хасан қазір Алматыда тұрады, оның ағасы Асылан Талғар қаласы әкімінің аппарат жетекшісі (рукап).

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.