Хиджаб пен сақалға заңмен тыйым салынуы мүмкін
ТикТок әлеуметтік желісінде сақалды жігіттерге қысым жасалып жатқаны туралы видео тарады деп хабарлайды Democrat.kz.
ТикТокта тараған видеода Өзбекстанда сақалы бар кез келген еркекке полиция тарапынан қысым жасалып жатқаны айтылады. “Біздің діни сенімімізге нұқсан келтіріп, қысым жасау заңға қайшы” деп жазады осы видеоны жариялаушы Astana bloger.
Осы видеодағы мәселе рас па деген мақсатта Өзбекстанда тұратын таныстарымызға хабарласып сұрап білдік.
“Мен “Техно-Олам” маркетінде жұмыс істеймін. Бізді полиция қатаң бақылауда ұстайды. Тіпті сондай күндер болды, әр жұма келіп сақалымызды тексеріп кететін. Сақалы өсік жігіттерді бірден полиция бөліміне алып кетеді. Не сақалыңды қырасың, не айыппұл төлейсің. Бізде дін мәселесі өте қиын жағдайда. Жұма намазға қауіптеніп, айналамызға жалтақ-жалтақ қарап барамыз. Мұның бәрі әрине, кезінде елде топалаң салған теріс діни ағымдағы жамағаттың кесірінен болды. Жихадқа шақыру, халифат құруға үгіттеу, әйелдерді діни жезөкшелікке салу сынды сұмдық оқиғалар салдарынан қарапайым мұсылман зардап шегуде”,- дейді Шохмардан есімді кәсіпкер.
Осы жағдайға байланысты біраз уақыт бұрын Өзбекстан ІІМ Шохрух Гиясов елде ешкімнің сақалына, діни сеніміне қысым жасалып жатпағанын айтып, БАҚ-қа мәлімдеме жасаған.
“Жалпы, бізде соңғы 4-5 жылда дін адамдарына деген көзқарас күрт өзгерді. Мысалы, мен де сүннет ретінде сақал өсірдім. Полиция ұстап әкетіп, сақалымды қырып тастауды талап етті. Неге, бұл менің құқығымды таптау ғой деген сұрағыма: “Биометриялық суретке түсіру үшін сақал-мұрт болмауы керек” дегенді алға тартты. Амалсыз сақалымды кесуге тура келді. Полицейдің уәжіне қарсы келу мүмкін емес, бәрібір сені кінәлі етіп шығарады. Сондықтан қазір сақалымды мейлінше қысқа етіп өсіретін болғам”, — дейді Алиджон Муборов.
“Меніңше, президентіміздің дін мәселесіндегі саясаты өте дұрыс. Қаптаған дүмшелердің кесірінен еліміздің берекесі ұшып, жұрт қорыққаннан көшеге шыға алмай қалған кездер болды. Кімнің кім екенін ажырата алмайсың. Ниқабқа да заңмен тыйым салынды. Бұл ең мықты заң дер едім.
Себебі ниқаб киген талай еркек пен әйелдің қылмыстық әрекеттері әшкере болды. Енді президентіміз хиджаб пен сақалға түбегейлі тыйым салса екен.
Ел ішінде хиджаб пен сақалға заңмен тыйым салынуы мүмкін деген сөз бар. Сөз шықса, демек, ол жүзеге асады деген сөз деп ойлаймын. Өйткені сақалдылардың қатысы бар қылмыс саны азаймай тұр.
Аталарымыз, бабаларымыз сақалын 60-70 жастан асқан соң қоюшы еді. Ал қазір 15-16 жасар жігіт сақал қоятын болды. Лаңкестік әрекетін жасаушылардың 99 пайызы сақалдылар болған соң, жұрт қазір бүкіл сақалды дін адамына қауіппен қарайды”, — дейді бізбен сұхбатында Дилора Усмонова.
Мақаланы дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.