“Хиджабты қыз жұртты қырқыстыру үшін әдейі арандатып отыр” дейді заңгер

0
1505

Әлеуметтік желідегі парақшасында заңгер Шынқуат Байжанов “Жайдарман” концертіндегі хиджабты қыздың дауына қатысты пікір білдірді деп жазады Democrat.kz.

Естеріңізге салып өтейік, Есен Елеукеннің ұйымдастырған “Жайдарман” концертіне барған хиджабтағы қыз өзін алдыңғы қатарларда отырғызбай, оператор артқы орынға ауыстырғанын айтқан еді.

Хиджабтағы қыз өзін діни сеніміне, киіміне байланысты оператор орнын ауыстырды деп, ол қыз әлеуметтік желіде үндеу жасаған болатын.

Осы мәселеге байланысты танымал заңгер, қоғам белсендісі Шынқуат Байжанов:

“Мына қыз нағыз арандатушы! Ақшаға ма, әлде өз ойы ма, әйтеуір қазақты екіге жарып, бір-бірімен айтыстырып, араздастырып қою үшін жымысқы, қитұрқы әрекетке барып отыр.

Біріншіден, егер шынымен дін жолына түскен тақуа қыз болса, әзілкеш- күлдіретін қойылымдарға бармас еді. Қазақстан зайырлы мемлекет, оның теледидары арқылы салафизмнің атрибуты хиджабты, паранджаны насихаттауға тиым салынған.

Осыны біле тұра, бұл түсірілімге арнайы келіп, тіпті бірінші қатарға отыруы, жоспарлы арандатушылық!

Яғни бұл қыз ол жерге елді арандату үшін барып отыр, сол үшін жауапкершілікке тарту керек! Кез-келген мекеменің жоспарлы жұмысына кедергі жасау, ол ұсақ бұзақылық, әкімшілік құқықбұзушылық!

Екіншіден, бұл қыздың басындағысы қазақи орамал емес, тап-таза арабтың хиджабы, оны арнайы қызыл матадан жасатып, бұл орамал деп елді алдап отыр. Хиджап ол қыздың шашын, мойнын құлағын көрсетпеу үшін арнайы жасалған бас киім, ол орамал емес.

Орамал, оның ішінде қазақи орамал тек шашын жинақы ұстауға арналған мата. Қыздар қызыл, көк түсті орамал, әйелдер ақ түсті орамал тартады, мойнын орамайды, шашын толық жаппайды, бұрымын төмен жіберіп, оған шашбау тағады.

Ал қыз, әйел құлағына сырға тағып, оны көрсетіп жүреді. Бұл қыз арнайы арабтың киімі хиджапты киіп келіп, оны орамал деп атап, қазақтың ұлттық дәстүріне қарсы әрекет жасап отыр. Сондықтан осындай арандатушыларға құқық қорғау органдары тиісті шара алулары керек!

Салафи ағымындағы әсіредіншілдердің жымысқы әрекеттеріне тиым салатын уақыт жетті!” деп жазды Шынқуат БАЙЖАНОВ.

Фото интернеттен.