Молданың «ысырап» дегеніне сеніп, барымыздан айырылмайық

0
1452

Қазір мешіттегі имамдар мен әлеуметтік желідегі уағызшылар қазақты «басқаратын» болып барады. Күнделікті өмірде мән бере бермейсіз, алайда бұл діншілдер қазақ деген ұлттың бүкіл салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бұрмалап, өздерінше пәтуа шығарып, оны жұртқа орындатып та жүр. 

Жаназада ысырап болмасын дегенді алға шығарып, қаралы үйде қазан көтертпеуді жүзеге асырды. Дұрыс қой. Онсыз да қайғы жұтып отырған шаңырақта тамақ жасау — қисынсыз, әрі ыңғайсыз.

Десек те, молдалар «ысырап» дегенді пайдаланып, қазақтың «дәм ауыз тию» әдетін осылайша жоюға күш салып жатқан жоқ па?

Себебі, жаназада, аста жылқы сойып, аста-төк тамақ беруге ғана емес, молдалар осы «ысырап» деуімен бірге қаралы үйде шелпек салу, иіс шығаруға да тыйымды бірге салып жібермеді ме?

Шелпек, бауырсақ пісіргеннен бұл қазақ ысырапқа ұшырап, тақыр кедейге айналып кете ме? Жоқ, әрине.

Алайда «ысырап» дегізіп, молдалар байқасаңыз, жаназа рәсімін түгелдей өз қолдарына алуды көздеп отырған сияқты. Өйткені жаназаны мешітте жасау да белең алды.

Мұның астарында не жатыр? Мұның астарында қазақты ғұрпынан айырып, мешітке, имамға телміртіп қою жатыр. Басқа түк жоқ. Ал мешітте өтетін жаназаны басқарып, билеп-төстеу — тікелей имамда. Жұрттың миын улай үшін түрлі уағыздарын зарлап, емін-еркін көсіліп айтады.

Өліммен қорқыта отырып, «имамсыз түк істей алмайсыңдар, жаназаны тек имам ғана өткізе алады» дегенге аңғал жұртты сендіріп, қатарына қосады. Мақсаттары — сол ғана.

Әйтпесе, жұрттың шығыны мен ысырабын ойлағыш болса, жаны ашыса, неге имамдар үш минуттық арапша дұғасы үшін 100-200 мың теңге алады?

Келесі мәселе — қазақ қаралы үйден дәм татқанда, не істейді? Міндетті түрде «рухына тие берсін» деп бет сипайды. Имамдарға міне, осы ұнамайды.

Иіс шығару — имамдарды шайтан көргендей шошытады. Неге? Себебі олардың пайымында бұл — аруаққа табыну саналады.

Надан имамдарға «қазақ аруаққа табынбайды! Қазақ аруаққа құрмет көрсетеді!» деп түсіндіре алмай келе жатқанымызға ширек ғасыр болыпты.

Ал енді келіп «ысырап» дегенді сыналай тықпалап, дегендеріне жетуге аз қалды.

Қаралы үйде қазан көтермесе де, иіс шығарып, шелпек, бауырсақ пісіргенде тұрған қандай ысырап бар? Пасық ниет қайда жатыр, ойланыңыз.

Сосын, ол шелпекті де қара жамылған үй иесі емес, көрші-қолаң, келін-кепшік пісірмей ме? Біз білетін қазақтың кез келген қыз-келіншегі шелпек пісіруге бар ықыласымен кіріседі. Себебі аруақтың разылығын алатынын біледі.

Міне, қазақтың жадында сақталған, сүйегіне сіңген әдет-ғұрыпты имам-молдалар «ысырап» деп қойып, ақырын сызып, өшіруге жанталасуда.

Бүкіл имам-уағызшының діттеген мақсаты — қазақ ұлтын айдаладағы араптың жолымен жүргізу. Басқа ештеңе емес. «Ысырап» деп дастарқанымызды жинатпақ. Көрісіп, құшақтаспа деп жақындардың бір-біріне жылуын жалмамақ. Жоқтау айтпа деп үнімізді өшірмек. Мәйітті сақтама деп аруаққа құрметімізді жоймақ.

Дастарқаны жиналған қазақтың ниеті де жойылмай ма? Жоқтау айтпаған қазақтың шері қатып, шерменде болмай ма? Аруаққа құрмет көрсетпеген қазақтың көсегесі көгере ме?

Ал, енді ойланыңыз, бұл діншілдердің түпкі арам ниеті қайда жатқанын.

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін.