Имамдар газетке жазылу ақшасын білместікпен аударып жіберіпті

0
192

Әлеуметтік желіде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Түркістан облысына сапарына өңірдің қарапайым имамдары ақша жинағаны туралы ақпарат тарап кетті.

Massaget.kz тілшісі Түркістан облысының бас имамына мәселеге орай сауал жолдады.

Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов мәселеге орай жауап беріп, тараған ақпарат жалған екенін мәлімдеді.

«Автор жазбасында Бас мүфтидің Түркістан облысына келген сапарына орай өңір имамдарынан ақша жинау әрекеті болғанын жазыпты. Біз бұл ақпаратты жоққа шығарамыз және оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Осы ретте айта кетер жайт: имамдар тиімді бағамен мешіт арқылы газет-журналға жазылады. Кейбір дін қызметкерлері білместікпен каспи голд арқылы газет-журнал ақшасын маған аударған екен. Болған жағдайға байланысты арнайы жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім.

Осы жағдайды негіз еткен жазба авторы оқырмандардың көкейіне күмәнді ойлар салып, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратыпты. Автордың шектен шыққан ісін өзінің ары мен ұятына қалдырамыз. Ал оқырмандарды тек расталған ақпарат көздерінен мәлімет алуға шақырамыз», – деп жауап берді ол.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.