Имамдар мектепте уағыз айтқан: Бұл — Ата Заңды аяққа таптау емес пе?
Әлеуметтік желі парақшасында журналист Ораз Әлімбеков дін мәселесіне қатысты тағы бір сұмдықтың бетін ашты деп жазады Democrat.kz.
«SOS!!! Мүфтияттың пропагандашылары мектепке кіріп оқушыларға уағыз айтқан!
Молданың «екі аяғын бір етікке тығуға» бола ма?
Жамбыл облысының әкімдігінде дүрбелең. ҚМДБ жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі Мәди Ахметов қасына «Қордай» мешітінің наиб имамы Ербол Солтанбекті ертіп алып, екеуі Қордай ауданындағы № 12 орта мектептің оқушыларына у-ағыз айтқан.
Буыны қатпаған балалардың санасына Құран аяттары мен арабтың ертегіге ұқсайтын хадистерін тықпалап, миын ашытқан.
Кездесуді ұйымдастырған мектеп директоры Т.Ембердиев кәмелет жасынан толмаған балаларды матруди бойынша у-ағыздауға олардың ата-анасының келісімін алмаған.
Бұл жерде Конституцияда кепілдік берілген наным-сенім бостандығы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң және «Білім туралы» заң өрескел бұзылып, балалар құқығы аяқасты болған.
Осындай өрескел заң бұзушылық жөнінде азаматтардан арыз түскен соң, Жамбыл облыстық Дін істері басқармасы былықтан басын алып қашып проблеманы Білім басқармасына ысырған.
Облыстық Білім басқармасы мектеп директоры Т.Ембердиевті қызметінен босатқанын алға тартып, жауапкершіліктен құтылып кетуге тырысып жатыр.
Шындығына келсек, мүфтияттың пропагандашы молдаларын мектепке барып у-ағыз айтуға бағыттаған Дін істері басқармасы, ал мектептегі осындай заң бұзушылыққа жол берген Білім басқармасы.
Мектеп директоры ғана емес, екі басқарманың басшысы да заңға сәйкес жазалануы тиіс.
Егер мен заңдылықты қадағалау органының басшысы, яғни Бас прокурор болсам, солай істер едім. Өкінішке орай, мүфтияттың пропагандашы молдаларын, оларға «осылай уағыз айтыңдар» деп құйтырқы саясат ұстанып отырған Бас мүфти Наурызбай Өтпеновті жазалау қиындау.
Арыз жазсаң, мемлекеттік органдар «дін мемлекеттен бөлек, ҚМДБ сияқты қоғамдық ұйымның ішкі ісіне қол сұқпаймыз» деп тайқып шыға келеді.
Мен Бас мүфтидің үстінен азаматтар жазған арызға берілген сондай жауаптың талайын көрдім.
Егер мен Бас прокурор болсам, онда мектепке барып оқушыларға у-ағыз айтқан мүфтият молдаларын заңсыз миссионерлікпен шұғылдану бабы бойынша сотқа тартып, «екі аяқтарын бір етікке тығып» тастар едім.
Сонда молда атаулы мектептің ішіне кірмек түгілі шарбағына жақындамас еді…» деп жазады журналист.
Мақалада айтылған жайтқа байланысты «білім сапасы үшін» жанталасып, кү-түн демей, шапқылап, жұмыс атқарып жүрген Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев ресми жауап береді деп сенеміз.
Фото автордың парақшасынан алынды.