Имамдардан ақша жинау: Бас мүфти қатты ашуланыпты

Қасиетті Түркістаннан тағы да шу шықты. Ақсақалдардың республикалық бата беру байқауы неге Шымкентте өтті?
ҚМДБ ұйымдастырған ақсақалдар арасындағы ІІ республикалық бата беру байқауы еліміздің рухани астанасы статусын иеленген Түркістан қаласында өтуі тиіс еді.
Байқау қарсаңында қасиетті Түркістаннан тағы да шу шықты. Сондықтан байқау 24 сәуірде Шымкенттегі «Сейітжан қари» мешітінде өтті. Неге?
Мүфтияттағы құпия дереккөздің хабарлауынша, осы айдың басында ҚМДБ тапсырмасы бойынша Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов республикалық бата беру байқауына дайындала бастаған.
Облыста 17 аудан және қала бар. Әрбір аудан (қала) имамы бата беру байқауына деп 300 мың теңгеден жинауы тиіс еді. Үш аудан ақша жинап бас имамға өткізіп үлгеріпті.
Осы кезде ақша жинаудан мезі болған Ордабасы ауданының имамдары ватсап арқылы ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлыға шағымданған.
Мұны естіген Бас мүфти Наурызбай Өтпенов бұлқан-талқан ашуланып, ылғи шу шығарып жүретін бас имам Ержан Төлеповтің қылығына қатты ренжіп, ақсақалдардың республикалық бата беру байқауын қасиетті Түркістанда емес, Шымкентте өткізуге өкім беріпті.
Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің аймаққа сапары үшін және молдаларды аттестациядан өткізетін мүфтият комиссиясы үшін аудан имамдарынан ақша жинау фактісі бойынша былтыр да Түркістан облысында шу шыққан.
Ол шу Бас имам Ержан Төлепов пен іс басқарушы Алимхан Тұрлыбековтің және қымбат мейрамхана мен қонақүй есепшотына аударылған каспиголд чектермен дәлелденген.
Сонымен қатар, бас имам Ержан Төлепов пен Алимхан Тұрлыбеков мешіттің тойотасын зуылдатып айдап, шектеулі жылдамдықтан асырып, бір жыл ішінде 1,2 млн теңгенің айыппұлына түскен (айыппұл қағаздары жарияланды).
Әрине, машина мешіт балансында болғандықтан айыппұлды жамағаттан жиналған ақша есебінен мешіт есепшісі төлеп отырды.
Солай болса да, Түркістандағы айқай-шу республикалық деңгейде көтерілсе де, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов Ержан Төлеповті бас имамдық қызметтен қуған жоқ. Ол тағы да бұрынғы қылығын жалғастырып жатыр. Мұнда қандай гәп бар?!
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Фото интернеттен алынды.