Исламшыл жігіт тәңіршіл әйелдің үстінен полицияға арыз түсірді

0
278

Қоғамды жікке бөлген діни көзқарас, сенімдер шиеленісіп барады. Бұған дәлел — өз сенімі ислам дініне қарсы шықты деген діншілдің тәңіршіл дүниетанымдағы азаматтың үстінен шағым түсіруі десек болады деп жазады Democrat.kz.

Қазақстан мемлекетінің көк туын, ресми байрағын «гейлердің туы» деп, тұтас бір елді қорлаған ислам дінін жақтаушы Арман Байжігіт шымкенттік Қарабаева Гаухардың үстінен полицияға шағым түсіріпті. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында дін зерттеуші Тұрарбек Құсайынұлы жазды.

«Демократияны-дерьмократия деп масқаралаған діншіл көзқарастағы Арман Байжігіт «жәбірленуші» ретінде Шымкент тұрғыны Қарабаева Гаухардың үстінен діни сеніміме нұқсан келді деген сипатта полицияға арыз-шағым түсірген.

Ал Қазақстандағы атышулы 174,400… саяси баптармен сотталғандардың бәріне тендициозды «сараптама» жасайтын ҚР сот сарапшылары Республикалық палатасының мүшесі Мырзаходжаев Абдулланың қоғам белсендісі Гаухар Қарабекова байланысты психологиялық-филологиялық һәм дінтанушылық «сараптамада» тәңіршілдікті — дін немесе діни ағымға жатқызған.

Айтпақшы діншілдердің кесірінен істі болған дәрігер Пакизат Таласбаева ханымға да тағылған айыптау актісі мен сараптамада тәңіршілдікке  осы «дін» ұғымы қолданылған.

Ал ҚМДБ, яғни мүфтият имам-молдалары тәңіршілдікті  — кітабы мен пайғамбары жоқ деу арқылы «дін» деп мойындамайды.

Демек мүфтияттың пәтуасы бойынша тәңіршілдік «дін» болмаса, неліктен тәңіршілдік туралы жазылған пост «діни мазмұндағы ақпараттық материал» болып саналуы тиіс?!

Сонда бұл жерде кімдікі дұрыс?!

ҚР сот сарапшысы Республикалық палатаның мүшесі Мырзаходжаев Абдулланың тәңіршілдікке берген анықтамасы ма, әлде мүфтияттың пәтуасы ма?! Ал сіздер қалай ойлайсыздар?!» — деп жазды Тұрарбек Құсайынұлы.

P.S Қазақ елінің байрағын қорлаған Арман Байжігіттің әп-сәтте жәбірленуші болып, өзге сенімдегі азаматтардың үстінен арыздануын қалай түсінбек керек? «Қазақтың батырларын ислам үшін соғысты», «қазақтың 70 пайыз сөздері — арабтыкі» дейтін діншілдердің іс-әрекет, сөздері дұрыс та, оларға қарсы пікір айтқан жұрт — дін жауы болғаны ма?

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.