Қ.Тоқаевтың Президенттігіне — 6 жыл: Барлық саладағы реформалардың жемісі мен жетістігі

0
76

Қазақстанға жаңа президент келген 2019 жылдың көктемінен бері ел экономикасы бірде шарықтап, бірде тосын жайттарға тап болды. Әлемді жайлаған пандемия, «Қаңтар» оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс, ақырына қарай су тасқынынан болған зардап – осылардың барлығы мемлекетіміздің экономикалық тынысына өзіндік ізін қалдырды.

Экономист Нұрсұлтан Ерболатұлы сол күрделі кезеңнің өзінде экономиканың кей бағыттарында ілгерілеу байқалып, ел болашағына жаңа серпін беретін бастамалар жүзеге асқанын айтады.

Dalanews.kz сарапшының пікірін қаз-қалпында ұсынады.

Пандемия және кейінгі қалпына келу

Тоқаев 2019 жылдың 19 наурызында президенттікке кіріскен тұста әлем COVID-19 індетінің табалдырығында тұрған еді. 2020 жылғы карантиндік шектеулер, халық қозғалысының азаюы, өндіріс пен сауда-саттықтың тежелуі – бәрі де экономиканың тынысын тарылтып, теріс динамикаға әкелді. Алайда 2021 жылы экономика біртіндеп есін жиып, пандемияға дейінгі деңгейге жетті де, қайтадан оң өсім жолына түсті.

Алайда 2022 жылғы «Қаңтар» оқиғасы елге 3 млрд АҚШ долларына жуық шығын әкелді. Іле-шала басталған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс теңгенің құнсыздануына, логистикалық тізбектің бұзылуына соқтырды. 2023 жылы экономика 5,1 пайыздық өсім көрсетіп, инфляция төмендеуге бет алды. Еңсе тіктеліп келе жатқан шақта, 2024 жылы орын алған су тасқыны 10 облыстың халқына ауыр тиіп, төтенше жағдай жарияланды. Бұл апат еліміздің жалпы өсім қарқынына да кедергі келтірді.

Елдің жалпы ішкі өнімі мен өркендеу көрсеткіштері

Соңғы алты жыл ішінде Қазақстанның ЖІӨ-сі бірқатар сын-қатерге қарамастан, өсімін жалғастырды. 2019 жылы 181,7 млрд доллар шамасында болған көрсеткіш 288,1 млрд долларға дейін ұлғайды.

Нақты экономикалық өсім 15,5 пайызды құрады. Осы уақыт аралығында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46 пайызға артқан.

Білім беру саласында 500 жаңа мектеп бой көтерсе, көлік инфрақұрылымында 4400 шақырымдай жол салынды. Ауыл шаруашылығында 2023 жылы 27 млн тонна астық жиналып, тарихи рекорд жаңарды.

Ал құрылыс саласында 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Студенттер жатақханасы мәселесі де біршама шешімін тауып, жатақханадағы орын тапшылығы алты есеге азайды: 250-ден астам жаңа нысан салынды.

Инвестициялық ахуал және жаңа салаларға қаржы құю

Тәуелсіздік жылдарында шетелдік инвесторлардың қызығушылығы айтарлықтай артқанымен, соңғы алты жылдағы толқуларға қарамастан, елге тікелей шетелдік инвестиция легі жалғасын тапты. 2019 жылдан 2024 жылдың үшінші тоқсанына дейін 129,9 млрд АҚШ доллары тартылған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 1,5 есеге ұлғайып, 2024 жылы 19 трлн теңгеден асты.

Жалпы экономиканың құрылымында да өзгеріс байқалады: білім саласына бөлінетін қаражат 5 есе, әлеуметтік секторға бөлінетін инвестиция 3,5 есе өскен. Бұл – мемлекет үшін маңызды, стратегиялық салалардың дамуына айрықша көңіл бөлініп отырғанын білдіреді.

Теңге бағамы және инфляция

Тоқаев президенттік өкілеттігін уақытша қолға алған 2019 жылдың наурызында 1 АҚШ доллары 377,64 теңге шамасында болса, 2025 жылдың 19 наурызында доллар 499,1 теңгеге дейін қымбаттады. Осылайша алты жылда теңге 32 пайызға жуық құнсызданған.

Ал елдегі орташа айлық жалақы 2019 жылғы 186 819 теңгеден 2024 жылдың төртінші тоқсанында 434 982 теңгеге дейін жетіп, еселеп өсті. Бұл кезеңдегі жиынтық инфляция 36,57 пайызды құрады. Яғни халықтың табысы көтерілгенімен, тұтыну бағалары да біршама жоғарылағанын мойындауымыз қажет.

Сыртқы қарыз және банк секторы

Қазақстанның сыртқы қарызы 2019 жылы 160 млрд АҚШ долларынан 2024 жылы 165 млрд долларға дейін көбейген. Банктердің несие портфелі де өскені байқалады: халыққа берілген тұтынушылық кредиттер көлемі 6 жылда 6,3 трлн теңгеден 20,8 трлн теңгеге дейін жетіп, 3,3 есе ұлғайған.

Халықтың қарызға бейімділігінің артуы бір жағынан тұтынушылық сұранысты ынталандырса, екінші жағынан жеке және отбасылық қаржылық тұрақтылықты әлсіретуі мүмкін.

Бюджет дефициті және Ұлттық қордағы ахуал

2019 жылдан бастап елдің бюджет дефициті жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2019 жылы 1,3 трлн теңге болса, 2023 жылы 4 трлн теңгеге дейін жетті. 2024 жылы 3,7 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 3,3 пайызы мөлшерінде тапшылық жоспарланған.

Аталған кезеңде Ұлттық қордан трансферттер көлемі де арта түсті. 2019 жылдан бері барлығы 27 трлн теңгеден астам қаржы бюджеттегі «жыртықты жамауға» жұмсалды. Қазіргі уақытта Ұлттық қорда 58,9 млрд АҚШ доллары сақтаулы.

Экономикалық қиындықтарға төтеп беру үшін президент экономиканы ырықтандыру, бағаны қолдан реттеуден біртіндеп бас тарту секілді маңызды реформаларды бастап кетті. Үкімет болса, салық кодексіне өзгерістер енгізуге кіріскен. Бұл қадамдар фискалдық дағдарысты еңсеруге бағытталған шаралардың алғашқы легі ретінде бағалануда.

Қорыта келе…

Соңғы алты жыл – Қазақстан үшін тарихи сын-тегеуріндер кезеңі болды. Тұтас әлем экономикасы COVID-19, геосаяси тұрақсыздық, табиғи апаттар сияқты күрделі сынақтардан өтіп жатқан шақта, еліміз де бейімделу мен жаңғырудан өтті. Бір жағынан инфляция, теңгенің құнсыздануы, бюджет тапшылығы, Ұлттық қордан тұрақты аударымдар жасау секілді құрылымдық мәселелер бой көрсетті.

Есесіне елдің ЖІӨ-сі өсіп, инвестиция тарту үдерісі жалғасын тауып, білім мен әлеуметтік салаға басымдық беріле бастады.

Тоқаевтың билікке келгеніне тура алты жыл толған тұста, алдағы кезеңде елдің экономикалық саясаты жаңа бағытқа бет бұрары анық. Нарықты ырықтандыру, салық кодексін жетілдіру, бюджет кірісін ұлғайту, әлеуметтік салаға инвестицияны күшейту – осының барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған негізгі тетіктер болмақ.