Қағбаны әспеттеген салафилер Қазақстандағы киелі жерлерді «ширк» дейді

0
30
Салафилер «Әулиенің басына зиярат жасауға болмайды. Күнә болады» деп қорқытады. Бірақ қажылыққа барғанда Қағбаны айналып жүреді. Қағбаның ішінде киелі саналатын қара тастан басқа ештеңе жоқ.
Оның киесіне деген сенім момынның жүрегінде тұрады. Егер кие момынның емес, қара тастың ішінде тұрса, онда христиандар, буддалар, яһудилер неге қара тасты көріп тебіренбейді? Тебіренбейтін себебі: жүрегінде исламға деген сенім жоқ.
Дәл сол сияқты Қазақстандағы киелі географиядан құт- береке көрмейтін адамның көкірегі қаңыраған қуыс деп есептейміз. Академиялық ғылымда оны «перспектива эффектісі» деп айтады. Яғни, көкіректегі кие сәулесі сырттағы сырттағы объектіге тиіп шағылысады да, өзінің сәулесі өзіне қайтып келеді.
Мысалы, проектордан шыққан сәуленің экранға түсіп, содан соң кісінің көзіне барып ұратыны сияқты. Кино көріп әсерленіп отырған адам жылайды немесе күледі.
Оны эмоцияға бөлеп тұрған- фотондар емес, киноның мәні. Сол сияқты Қазығұртты, Арыстан бапты, Бекет атаны, Домалақ ананы көргенде көзіне жас келетін момын қазақтың кеудесінде құт пен киенің сәулесі бар деп санаймыз.
Құт пен кие кісі жүрегінде болмаса, оған ештеңе де әсер етпейді.
Киелі географияның адамзатқа сыйлайтын тағы бір нығметі бар. Оны ғылымда «экософия» немесе «экофилософия» деп атайды.
Адамның жыртқыштығынан тұқымы тұздай құруға айналған экзотикалық аң-құстың бәрі әулиенің басын барып паналайды.
Мысалы, адамға жақын келіп жайылатын арқарлар Бекет атаның басында ғана қалды.
Жұрт оны «әулиенің арқары» деп тиіспейді. Сол сияқты Созақтағы Шашты Әзіз әулиенің басындағы Жылыбұлақтағы балықтард ы алайық. Олар керек десең, адамның қолынан жем жейді.
Жұрт «әулиенің балығы» деп оны ауламайды.
Осылайша сакральды географияның арқасында киелі жерде жүрген қырғауыл, қоян сияқты аң-құстар қауіпсіз өмір сүреді. Сексеуілдер шабылмайды.
Бірақ адамнан кие кеткенде киелі географияның сау тамтығы қалмайды.
Сондықтан дінге жан-жүрегімен берілген момынның қоғам алдында, таибғат алдындағы арқалайтын міндеті- осы. Ол ілімнің сәулесімен өзін құтты адамға айналдырып, еліне, жеріне кие дарыту керек. Сонда ғана киелі география үғымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Ал біздегі салафилік тенденция осы процесті кері жүргізіп, киелі мекендерді жоюға кірісті. Момындардың санасында киелі география ұғымы берік сақталып тұру үшін ғұламалар «Мәдинада Мұхамбет, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет, Жетісуда Райымбек, Ақжайықта Жұмағазы хазірет» деп бекітеді.
«Яссауи Феномені » кітабынан үзінді.
Жазба Гауһар ЖОЛМАХАНБЕТТІҢ парақшасынан.
Фото автордың парақшасынан алынды.