Қайрат Сатыбалдының рейдерлік шабуылы

0
82

Кәсіпкер Шолпан Қаранеева мен адвокаты Асқар Утешов Сатыбалдыұлы рейдерлік шабуылды қалай жасағанын баяндап берді, — деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Dalanews.kz.-ке сілтеме жасап.  

Алматының орталығындағы «Double Tree by Hilton Almaty» қонақүйі бір кездері кәсіпкер Шолпан Қаранеевадан рейдерлік жолмен тартып алынған. Қонақүй Қайрат Сатыбалдынының қолына түсіп үлгерген болатын. Бұл кезде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі түрмеде отырған.

Тергеуде және уақытша ұстау изоляторында болғанына қарамастан, ол құжаттарға қол қойып, қонақүйге қол жеткізген. Шолпан Қаранеева Алматының қақ ортасында Hilton қонақүйін салуды шешкен. 2018 жылы Capital банктен несие сұраған. Ол үшін қонақүйді кепілге қойған. Банк әлі жұмыс істемеген қонақүйді 10 миллиард деп бағалайды.

Кейіннен пандемия басталып, қонақүй қызметі тоқтап қалған. Пандемия аяқталып, жұмыс қайта жанданғаннан кейін Қаранеева банктен қарызды кейінге қалдыруды сұрайды. Банк қарсы болып, несиені 2025 жылға дейін жауып тастауды міндеттейді. Осылайша банк заңсыз әрекетер жасай бастаған көрінеді.

Шолпан Қаранееваның сөзінше, қонақүй коллекторлардың қолына өтіп кеткен. Ал коллекторлар өз кезегінде қонақүйді Сатыбалдыұлына сатып жіберген. Яғни коллектор Закирьянова сауда-саттық жүргізіп, оны жарамсыз деп танып, қонақүйді жекешелеп жіберген. Бір айдан кейін «Байдала.Б» компаниясы пайда болған.

Антикордың мәліметінше, бұл Сатыбалдыұлымен серіктес компания болып шыққан. Компанияның құрылтайшысы – Құлбаев есімді тұлға. Бұл компания коллектордан қонақүйді иеленеді. Яғни коллектор қонақүйді компанияға өткізіп жіберген.

Қаранееваның адвокаты Асқар Утешов Қайрат Сатыбалдыұлы кәсіпкерге қалай қоқан-лоқы көрсеткенін айтып берді. Оның сөзінше, Голливуд фильміндегідей шабуыл жасалған. Сақалды, қысқа балақты 50-ге жуық адам ашуланып келіп, қонақүйді қоршап алған.

«Келіп алып, бәрін бұғаттай бастады. Оның ішінде, ең алдымен орталық сервер жабылды. Бейнебақылау камералары да өшірілді. Олар тек бір камераны байқамай қалды. Сөйтіп олар әр қабатты аралап, қызметкерлерге «Ештеңеден қорықпаңыздар, тек басшылық ауысып жатыр.

Ол сіздерге әсер етпейді, тіпті жалақыларыңызды көтеруіміз мүмкін. Ал Қаранееваны құдай білсін» деген. Яғни банк өз жұмысын істеген. Ендігі кезек – Сатыбалдыұлында болған.

Сол күні Сатыбалдыұлы бірнеше күзетшімен қонақүйге келеді. Бір кезде конференц-залда намаз оқып алды. Сосын әйелімен бірге қонақүйді аралай бастады. Қонақүйдің бастығы сияқты жүрді. Біз олардың әрекеті заңға қайшы екенін айта бастадық. Ешқандай орган үн қатпады. Үндемеді. Себебі бәрі қорқатын», — дейді адвокат Orda.kz-ке берген сұхбатында.

Бұл қаңтар оқиғасына дейін, 2021 жылдың 26 желтоқсанында болған жағдай. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл оқиғаның «екінші бөлімі» басталған.

«Біз жазған арыз бойынша ақыры қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды. Қонақүйдің бағасына қатысты сараптама жүргізейік дедік. Осылайша кәсіпкер Шолпан Қаранеева жәбірленуші болып танылды. 10 ай бойы тырнақша ішіндегі тергеу жүргізіле бастады.

Прокурор Ауғамбаев басында біз айтып отырған және келтіріп отырған дәлелдермен келісіп тұрғанымен кейіннен ол ойынан айнып қалды. Яғни біз көрсеткен бап бойынша қылмыс жасалмағанын айтып, істі жауып тастады», — дейді адвокат Асқар Утешов.

«Қаңтар оқиғасынан кейін ештеңе өзгерген жоқ, бәрі жоғарыдан бұйрық күтіп отырады», — дейді кәсіпкер Шолпан Қаранеева.

Фото ашық дереккөзден алынды.