«Қаңтарда қашып кеткендер елге оралып, астыртын соғысты үдетуде» дейді депутат

0
679

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ескі Қазақстан, соның ішінде Дариға Назарбаева туралы мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа, ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваға жолдады.

Депутат Бапи жуырда Республикалық фермерлер форумындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді: «Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етіп жатыр».

Депутат Президенттің дәл осы пікірі қоғамда да көрініс тауып жатқанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы Дариға туралы да сөз қозғады.

«Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами «артықшылығы» болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам — Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшысы ретінде жоғарғы саяси лауазым иесі болғанын ұмытпау керек. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек», — дейді Ермұрат Бапи.

Депутаттың пікірінше, «қазақ қоғамына іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастаған». Ермұрат Бапи әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан мұндай манипуляция арқылы «жаңа Қазақстанды «саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару», «қайтып келу» әрекетін байқау қиын емес екенін айтады.

Мәжіліс депутаты Қаңтар оқиғасына қатысты да сөз қозғады. Оның сөзінше, бұл қанды оқиғаға себеп болғандар қоғамның санасын тағы да уламақ.

«Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар, қантөгіске себепші болды деп саналатын «теріс діни ағым» иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына «қиқым салуға» белсенді түрде кірісіп жатыр. Бұған тағы да сол «успешный успех»-қа жеткен бұрынғылар мұрындық болып отыр. Қаңтардың қаһарынан қашып кеткендер біртіндеп, елге орала бастады», — деді ол.

Депутаттың айтуынша, «енді олар ел ішіне ұлттық мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасап жатыр».

«Әлеуметтік желілер мен таралымы миллонға тақау жазылушысы бар танымал интернет ресурстарға қаржылай көмек беру арқылы, оларды өз «бауырларына» басып, ашық платформалар арқылы саяси теңселістер тудыруға ниетті. Маған мұндай инсайдерлік ақпараттың бірнешеуі жетті», — дейді Бапи.

Оның сөзінше, «бүгінгі билік отставкаға кетеді», «мерзімінен бұрын өтетін сайлауларға сайлауға дайындық жүріп жатыр», «депутаттардан ұят кетті» деген сияқты трендтердің желіде еркін тарауына сол реваншистік күштердің әрекеттері себеп болып отыр.

«Бұның бәрі «бұрынғының кезінде мұндай болмаған» деген тезисті тарату арқылы қоғамдық санаға солақай саңылау салудың саясат технологиясы деп қабылдау керек.

Мен дәл осындай контрпропагандалық материалдардың бір порасын тиісті ведомстволардың жоғары лауазымгерлеріне жолдаған едім. Енді қоғамға іріткі салушы түпнұсқаларды анықтауды, ең бастысы – ел-жұртқа жік салу пиғылы бар осындай «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды, олар жөнінде қоғамға толыққанды ақпарат беруді Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшылығынан сұраймын», — деді депутат.

Бапи бұл тұста заңсыз қудалау болмауы қажет екенін де мәлімдеді.

«Жеме-жемге келгенде, «ескішілдік» технологиясы ұлттық тұтастыққа қастық қылатын, қазақ қоғамын саяси лагерьлерге бөлшектеуге құштар «сөз бостандығы» біздің елдік болашағымызға қатер тудыруы әбден мүмкін. Қазақстанның қауіпсіздігіне, жуық болашақтағы елдік мұратына қаскүнем мұндай сөз бостандығы бізге қажет емес деп санаймын. «Бұрынғы билікті» аңсаушылар ушықтырып, қазақтар мен жалпы мұсылмандар дүниесін «жаңа Қазақстанға» қарсы айдап салып жүрген діни-саяси әрекеттер де әшкереленуі керек. Қазақтың мың жылдық ұлттық мұраттары мен ұлттық салт-дәстүрі шариғатпен емес, тиісті заңнама нормаларымен реттелуі тиістігін ұмытпайық!» — деді ол.

Фото интернеттен алынды.