Қара күшке ие бақсымен болған оқиға

0
412

Студент кездегі бір хикая еске түсіп отыр. Ол кезде Қарқаралы өңірінде жиі болушы едік. Қарағанды университетінің демалыс базасы да сонда еді, толып жатқан тамыр-таныстарымыз да сол жақта болатын, экспедицияларымыз да Қарқаралы, Ақтоғай т.б. ауылдарда өтетін.

Бір жолы шағын ғана алыс ауылда болдық, ауылдың атын ұмыттым, Еңбек пе, Бірлестік пе, әйтеуір советский аты бар еді. Экспедицияның негізгі бағдарламасы да есте жоқ, қандай мақсат-міндеттер болды, қазір білмеймін.

Әйтеуір, сол ауылдағы бір информаторлар бұрын бақсы болған қария бар дегені, сол қарияны іздеп үйіне барғаным есімде.

Ауылдың бір шетіндегі тоқал там, қора қопсысы бар, үйдің сыртқы есігінен кіріп қария отырған бөлмеге жеткенімше ықпыл-жықпыл бірдеме.

Қара көлеңкеде сүрініп-қабынып, ашаларға соқтығып төргі бөлмеге де жеттім. Қария төсегінің үстінде отыр екен. Амандастық, жөн сұрастық, жасы 90-ның үстінде екен, құлағы ауырлау, бірақ естиді, тілі сайрап тұр.

Есте қалғаны адамға қараған көзі біртүрлі екен, көзінің өткірлігі ме, басқа ма, әйтеуір біртүрлі. Жазуға ыңғайлы болушы үшін қариядан сұрап қабырғаға сүйеп қойған жер үстелді көрпе-төсеніштерге жақындатып, қағаз –қаламымды ыңғайлап едім, қария төсегінен түсіп, жаныма келіп отырды.

Ананы-мынаны сұрап отырып, бірте-бірте бақсылық тақырыбына көштік. Қарияның айтуынша бақсылық 13 жасында қонған екен:

-Нағашым атақты бақсы еді,- деді қария. Жақсы араласушы едік, олардың ауылында көп жүрдім. Бір жолы нағашым ауылдастарымен бірге, бір топ адам болып, мал айдап, тері-жүнді арбаға артып Қоянды жәрмеңкесіне кетті.

Мен ауылда нағашымның шаруашылығына қарап, көмектесіп жүрдім. Нағашым кеткеннен-ақ маған түнде ақ шалмалы, ақ киімді бір адам келіп, «Әй, сен бала, бес ешкіңді қашан айдап аласың?», «Бес ешкіңді ал енді!» деп мазамды кетіріп, қорқытып жүрді. Сол ақ киімді шал адамнан қорқып ұйқым қашып, жүдеп-жадап кеттім.

Күндердің күні нағашым да жәрмеңкеден келді. Жәрмеңкеден келген нағашымнан базарлық, әңгіме дәметкен ересек адамдар, әйел-балалар үйге қаптап кетті. Бәріміз дастархан басында жиналып жәрмеңкенің қызықтарын тыңдадық, жәрмеңкеден нағашым әкелген тәтті-дәмдіні жеп жатырмыз. Мені нағашым жанына отырғызды.

Орта толып, отырыс қызып, нағашымның әңгімесіне өзге жұрт та қосылып, жиын қызып жатқан уақытта, не жын соққанын, не күш біткенін білмеймін, оң жағымда отырған нағашымды қапсыра құшақтап отырған қалпы тік көтердім де өзімнің сол жағыма аударып тастадым. Нағашым орта бойлы, кескен теректей, ірі адам болатын, мен түгілі оны балуан жігіттердің өзі де көтере алмас еді.

Дастархан басындағы жұрт ду етіп тұра келді. Біреулері маған оқталып «Мына баланың есі дұрыс емес шығар?», «Дастархан басында үлкен адаммен күрескені несі?!» деп мені ұруға айналды.

Сол кезде нағашым есін жиып алған болуы керек «Әй, қойыңдар, балаға тимеңдер» деп ауылдың адамдарын тоқтатты. Содан кейін «Өзім де бұл жиенге бақсылық қасиет қонады-ау» деп жүруші едім, қонған екен» деп сол жерде отырып батасын берді. Сол кезде 13 жаста едім, содан бері бақсылық қылдым,- деп аяқтады әңгіесін қария.

Ол кезде мен «бақсылық ауру» туралы онша біле қоймаушы едім. Біз, студенттер, Сібір-Қазақстанның жас этнографтары болып жылына бір рет бас қосатынбыз, сол конференцияларды Сібір халықтарын зерттеп жүрген балалар шор, тува, алтайлықтардың бақсылықтары туралы айтатын.

Бірақ олар, өздері орыс тілді қалалық балалар, бақсылықтың табиғатын онша түсінбеді-ау деймін. Қазір есіме түсіріп отырсам, олардың зерттеуішілігі біздің археологтардың көр қазуға деген қызығушылығы сияқты бірдеме, әйтеуір терең білім емес.

Мен қаряиның әңгімесін тыңдап болып дұрыс ғылыми интерпретация бермеген болуым керек, сенбегендіктен, бақсылықты түсінбегендіктен «Расында да сондай үлкен адамды құс жастық сияқты көтеріп алып екінші жағыңызға қоя салдыңыз ба?!» дедім.

Сұрағым дұрыс болмады-ау, қария бақсы үндемей төмен қарап біраз отырды. Бір уақытта шалт қимылдап оң қолымен арқа тұсымнан, белбеуімнен, сол жақ қолымен тіземнің астынан, тілерсек тұсынан ұстап мені отырған қалпымда тік көтерді де сол жағына апарып топ еткізгені.

Сол кезде менің салмағым 60 кг шамасында болар, мені тік көтеріп алған бақсы 90-нан асып, тәлтіректеп, әне-міне деп отырған адам. Осыған таң қалдым да қойдым сол кезде, қазір ойлап қарасам рационалды түсіндіруге келмейтін оқиға екен ғой.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, профессор.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.