«Қарабауыр қасқалдық» әнінің хит болуының құпиясы
Тыңдарманға ойнақы әуенімен жақсы таныс «Қара бауыр қасқалдақ» әні қанша жыл өтсе де әлі жұрттың жадында. Алайда бұл туындының тағдыры ел тарихындағы Желтоқсан оқиғасын суреттейтінін бірі білсе, бірі білмес.
Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі дәл осы хитті халыққа кеңінен танытқан әнші Болат Құсайыновпен сұқбаттасты. «Қара бауыр қасқалдақ, Қайда ұштың пыр-пырлап? Сазың қалды сәбидің, Еңбегіндей былқылдап…»
Бұл туындының сөзін жазған – белгілі классик ақын Есенғали Раушанов, ал әуенінің авторы – Лесбек Аманов есімді сазгер. Бүгінде екеуі де өмірден озған.
Ал Желтоқсан оқиғасындағы қасіретті баяндайтын бұл әнді ел арасында орындап, халыққа танытқан белгілі әнші, кезіндегі «Арқас» ансамлінің белді солисі – Болат Құсайынов.
«Желтоқсан оқиғасын радио, теледидар арқылы естіп қатты қиналдық. Жас балалардың хәлі қалай болар екен деген ойға келдік. Қазіргі уақытта сол кезде шыққан «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің тарихын бірі білсе, бірі білмес.
Желтоқсан оқиғасына арнап Есенғали Раушанов «Қара бауыр қасқалдақ» атты өлең жазды, оған Лесбек Аманов ән жазды. 1988 жылы Шардара ауданында гастролдік сапарда жүргенде бізге Лесбек Амановтың өзі келді.
«Қара бауыр қасқалдақ» әнін біздің орындағанымызды қалады. «Жігіттер, осы әнді репертуарға алыңдар, үлкен сахнаға шығарыңдар» деді. Сөйтіп репертуарға әнді қосып, концерттерде орындап жүрдік.
Бірақ 1989 жылға дейін бұл әнді Шардара ауданындағы әртістер де орындап жүрген екен. Ал үлкен сахнаға біз, яғни «Арқас» ансамблі «Тамаша» ойын-сауық отауының көңілді кешінде бірінші болып үлкен сахнада орындадық.
Содан бері халық, өнерсүйер қауым «Қара бауыр қасқалдақ» әнін менің орындауымда біледі. 90-жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауының гастролдік сапарымен мен жиі шығатынмын.
Сол «Тамашадағы» ағаларым өзара мені әзілдеп «Қасқалдақ» деп атап кетті. Мейірман, Уайыс, Тоқсын, Құдайберген ағаларымыз: «Әй, қасқалдақ» дейтін. Үлкен сахнадағы ең алғашқы орындаушысы мен едім», — дейді Болат Құсайынов.
«Тамаша» ойын-сауық отауының сахнасында шырқалған «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің танымалдығы артып, кез келген жерде тыңдарман «Арқас» ансамбліне қолқа салып, әлгі хитті шырқап беруін өтіне бастаған.
«Қарабауыр қасқалдық» әнінің хит болуының құпиясы – ән мен сөзі халықтың жүрегінен орын алуында. 1989 жылдан бастап бұл әнді ел тік тұрып шапалақтап қарсы алатын. Содан бері «Қара бауыр қасқалдақ» әні қазақ жастарының гимніне айналды, хит бола бастады.
Одақ кезі болсын, Қазақстанның қай облысына, қай ауданына барсақ, бәрі осы әнді сұрайтын. Бұл әннің ең алғашқы орындаушысы «Арқас» ансамблі, солисі – Болат Құсайынов.
Негізі «Қара бауыр қасқалдақ» әнін менен бөлек басқа әншілер де орындап жүрді. Қазір аты-жөнін білмеймін, ұмытып қалыппын», — деп еске алады әнші.
Кейбір дереккөздерге зер салсақ, композитор Лесбек Аманов қазақстандық басылымдардың бірінен ақын Есенғали Раушановтың бірнеше өлеңін көзі шалып қалады. Әлгі өлең жолдары көңілден шықса керек, бірден әуен жазады.
Бұл «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің мәтіні еді. Ал аталмыш туындыны ең алғаш үлкен сахнада орындаған Болат Құсайынов өмірде ән авторларымен тығыз қарым-қатынаста болмаған көрінеді.
«Ақын Есенғали Раушановты сырттай танимын, ағамызды білетінбіз. Ал сазгер Лесбек Аманов ағамызбен екі-үш рет жүздесіп тұрдық. Авторлар ән шыққан кезде өте риза болды, әннің әрлеуі де өте ұнады. Бізді мақтап, «қандай мықты ән шықты» деп қуанып кетті», — дейді әннің алғашқы орындаушысы.
Желтоқсан оқиғасын суреттейтін «Қара бауыр қасқалдақ» әні әлі күнге дейін өміршеңдігін жойған жоқ. Аталмыш туындыны еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін ыңылдап айтып жүреді.
Бұл – ақынның мағыналы мәтіні, сазгердің бойды билеген ерекше әуені мен әншінің вокалдық қабілетінің жемісі. Осындай үштіктің ерен еңбегінің нәтижесінде қазақ әндерінің алтын қорына дәл осындай сапалы тағы хит қалды.
Осы орайда Тәуелсіздік күні қарсаңында Болат Құсайынов қазақстандықтарға ақ тілегі мен жалынды сәлемін жолдады.
«Қазақстан халқына Тәуелсіздік күні қарсаңында тілейтінім бейбітшілік, ашық аспан, береке-бірлік тілеймін. Қазақ деген атымызға кір келтірмейік.
Қазақ деген ұлттың әр ұрпағының ғұмырлы болуының Қазақстанның ертеңіне үлес қоса алатын мықты азаматтар көп болсын. Бірлік барда, тірлік бар. «Қарабауыр қасқалдық» әні әлі талай ғасыр шырқала берсін», — деп сөзін түйіндеді Болат Құсайынов.
Фото интернеттен алынды.