«Қарсымын, өлтіріп біттіңдер уже» дейді ұстаздар

0
737

Қазақстанның білім саласы «мәңгілік бітпейтін жыр» десек, артық болмас, сірә…

«Сабақ өтумен қабаттастырып қойған «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылсын, оқушыға сабақ өтейік» деген мұғалімдердің наразылығын аз көрді ме, енді Вассерман деген профессордың ойлап тапқан БиС дейтін жобасы ұстаздардың аяғына оратыла бастапты.

Әлеуметтік желіде кілең ұстаздар отыратын топтарға арнайы сұрау салып, бұл БиС туралы біраз мәлімет жинақтадық. Түсінгеніміз, БиС 2014 жылдардан бастап енгізіле бастаған жоба екен. Бастапқыда әрине, пилоттық жоба ретінде енгізілген.

Мұнан бөлек БиС-ті мұғалімдер тегін оқымаған. Ақша төлеттіріп оқытқан. Бір мұғалім 20 мың теңге төлеп оқыдым десе, енді бірі — 35 мың теңге төлеп, Вассерман ағайдың технологиясын оқығанын айтады.

Қалай десек те, оқушының тәрбие, білімі үшін «ғажайып технология» ойлап тапқан Вассерман ағай өз еңбегін мұғалімдерге тегін бермеген екен.

Ал Вассерман Федор ағайдың сұхбаттарын оқысаңыз… білім үшін кеудесінен жүрегін жұлып берердей, бала үшін жанын пида етуге дайын кісідей көрінеді-ақ.

Ақыры Қазақстан еліндегі педагогика саласына өмірін арнаған екен, Вассерман ағай қазақ баласына арналған қандай тәрбие- білім технологиясын ұсынған екен деп қарастырып көріп, іліп аларлық түк таппадық. Себебі біз түсінетін тілде Вассерман ағайдың еңбектері «гуглдан» шықпады.

Өзіне хабарласып, БиС дегені не, осы әдісті қолданса, Қазақстандағы білім сапасы артып, бала-шағамыздың тәрбиесі жібектей есіліп тұра ма деп сұрауды ұйғардық.

Телефонын тауып, профессорға хабарласқанбыз…Төменде Вассерманмен болайын деп қалған сұхбатымыздың не себепті болмағанын көрсететін скриншотты жариялап отырмыз.

Профессор Вассерман «только на русском» сөйлейтін болса, онда «только на русском» ойлайтыны да даусыз.

Ал сіз бен біз секілді «тек қана қазақша ойлайтын, сөйлейтін» баланың жан дүниесін мұндай профессорлар тереңнен түсінеді дегенге сіз сенесіз бе?

«Әрине, сенем! Педагогика деген…» деп өз түсінігіңізді тықпаламас бұрын, төмендегі профессордың жобасы бойынша құрастырылған тест жұмысына мұқият назар салыңызшы.

«Назарбаевтың Айсұлуға көңіл білдіруін» қалай түсінесіз? «Шырағым, қылықты қызметіңе ризамын» деген сұраққа не дейсіз?

«Тек қана қазақша сөйлейтін», қазақтың баласына шын жаны ашитын профессор болғанда, осындай дүниені қазақ баласы оқитын мектепке тықпалар ма еді? Қалай ойлайсыз?

 

«Үш жыл бойы осының методымен сабақ өтеміз. Бітпейтін срез, бітпейтін есеп, шаршадық», «қарсымын, өлтіріп біттіңдер уже», «бәрі ақша жасаудың амалы, енді мұғалімнің қалтасына түсті», «сонда біз қашан сабақ береміз, ылғи келген тапсырманы орындаумен жүреміз»,»біз подопытный кроликпіз ба?», «қазақты жоюдың жобасы», «тупой технология»…

Бұл пікірлер БиС-ке қатысты бір ғана ТикТок-та жазылған пікірлер.

Мұнан басқа да әлеуметтік желі топтарындағы «ойбайлаған» пікірлерді қарап шығуды Вассерман ағай мен Оқу ағарту министрлігіндегі миы біздікіне ұқсамайтын ағай-апайлардың өздеріне тапсырдық.

Сөз соңында айтарымыз, Қазақстан мемлекетінде  «только на русском» деп жер тепсінетін дәуір келмеске кеткенін мүйізі қарағайдай профессор да, креслосы мәңгі емес министр де білгені дұрыс.

Білгілері келмесе, көршінің қаңсық дүниелерін Қазақ еліне тықпаламай, «таза қазақша түсінетіндердің» басын қатырмай, «эврикаларын» «только на русском» түсінетін елдерде жүзеге асырсын.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.