“Қартайған облыстар”: Бала туатын әйел күн санап азаюда

0
1010

Қазақстан халқының саны жыл сайын көбейіп жатқанымен, бұл өсім барлық өңірге бірдей тән емес. Кейбір облыстарда халық қартайып, бала туатын әйелдер саны азайған. Еліміздің демографтары мен сарапшылары осы үрдіске алаңдаулы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Солтүстік пен шығыстың халқы қартайып барады  

Демограф Аяулым Сағынбаеваның пікірінше, қазір еліміздегі демографиялық даму жаман емес. Халықтың өсу ырғағы баяулағанымен, соңғы бес-жеті жылда жыл сайынғы өсім тұрақты – шамамен 1,3% деңгейінде сақталып отыр. Мәселен, 2020 жылдың басынан бері бес жыл ішінде халық саны 1 652 000 адамға өскен, бұл пайыздық үлеспен алғанда 8,9%-ға тең.

«2025 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша, республикадағы халық саны 20 316 155 адам болды. Өсім қарқыны – 0,16 пайыз. Дәлірек айтқанда, қаңтар-ақпан айларында халық саны 32 756 адамға көбейді. Соның ішінде 30 318-і немесе 93%-ы табиғи өсім есебінен, ал қалған бөлігі оң көші-қон сальдосы арқылы қалыптасты. Яғни осы аралықта жаңа туған нәрестелер мен елімізге көшіп келгендер саны ұлғайған. Алайда мұндай оң көрсеткіш барлық өңірде бірдей байқалмайды. Абай, Жамбыл, Жетісу, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында халық саны, керісінше, кеміп жатыр. Оған, негізінен, теріс көші-қон сальдосы себеп. Яғни осы облыстардан басқа өңірлерге көшетіндер көбейген. Бұл облыстарда халық санының азаю процесі соңғы бес жылда қарқын алып барады», – дейді Сағынбаева.

Демографты, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысы ерекше алаңдатып отыр. Бұл өңірде дүниеге келген нәрестелер санына қарағанда қайтыс болғандар саны өскен, бұған қоса облысқа көшіп келетіндер азайып, басқа жаққа қоныс аударатындар көбейген. Солтүстік Қазақстан облысында табиғи кему бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Осыған ұқсас жағдай көршілес Қостанай облысында да байқалады. Өңір халқы табиғи кему, яғни өлім-жітім салдарынан азайып жатыр, дейді Сағынбаева.

«Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары да осының жақын шегінде тұр. Сондықтан бұл мәселе ерекше алаңдатушылық тудырады. Оның үстіне Қостанай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары «қартайған» өңірлерге жатады. Республика бойынша 65 жасқан адамдардың пайыздық үлесі 9,2%-ға тең болса, ең жоғары көрсеткіш осы облыстарда тіркеліп отыр», – дейді сарапшы.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтыр елімізде қартаю индексі 31,1 құраған. Яғни бұл дегеніміз 0-15 жас аралығындағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 31,1 қариядан келеді. Өңірлер арасында ең жоғары деңгей Солтүстік Қазақстан (78,1), Шығыс Қазақстан (76) және Қостанай облыстарында (66,4) тіркеліп отыр. Ал Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында қартаю индексі бәрінен төмен, жүз балаға шамамен 15-16 қариядан келеді.

Бала туатын әйелдердің саны азайған

Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, Қазақстанда «туудың қартаюы» деп аталатын құбылыс байқалады.

«Бұл бірінші баланы дүниеге әкелу жасының ұлғаюымен және активті репродуктивті жастағы әйелдер санының азаюымен байланысты. Соңғы жылдары туудың жоғары деңгейін көбіне 1980-жылдары дүниеге келген әйелдер қамтамасыз етіп отыр, ал олардың репродуктивті кезеңі аяқталуға жақын», – дейді ол.

Яғни елімізде тұңғышын дүниеге әкелетін аналардың орташа жасы ұлғайып барады. Бұл бірнеше әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторларға байланысты. Қазіргі жастар ерте шаңырақ көтеріп, бала сүюге асықпайды. Керісінше өздерінің тұлғалық дамуына, мансабы мен материалдық жағдайын жақсартуға көбірек көңіл бөледі.

Сарапшының айтуынша, ең жоғары туу деңгейі 25-29 жас аралығындағы әйелдер арасында, одан кейін – 20-24 жас және 30-34 жас арасы.

Былтыр елімізде 365,9 мың сәби дүние есігін ашқан, ал 132,9 мың адам өмірден өткен. Табиғи өсім 233 мың адамды құраған. Демографтың айтуынша, бұл 10-15 жыл бұрынғы көрсеткіштерге таяу. Негізгі көрсеткіштердің бірі саналатын нәресте өлімі коэффициенті 6,8 теңге болған.

«Жалпы республика бойынша өлім-жітім деңгейі — 6,6. Ең жоғары өлім деңгейі Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Астанада бұл көрсеткіш төмен. Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында да өлім деңгейі аз. Бұл, ең алдымен, халықтың жас-жыныс құрамына байланысты, еліміздің солтүстігі мен шығысында халықтың қартаю деңгейі жоғары болғандықтан, өлім-жітім көрсеткіші де соған сай жоғары. Сәйкесінше дәл осы өңірлерде туу деңгейі өте төмен. Туудың жиынтық коэффициенті республика бойынша – 2,9. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 4,25, Қызылорда – 3,68, Маңғыстау – 3,7, Ұлытау – 3,12, Алматы облысы – 3,28, Атырау облысында – 3,26. Яғни 15 пен 49 жас аралығындағы әйелге келетін бала саны осындай», – дейді маман.

Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, халықтың ұдайы өсу деңгейі 2,1-ден төмен болса, онда халықтың табиғи кему процесі басталады. Қазір ең төмен деңгей Солтүстік Қазақстан облысында — 1,71, Қостанай — 1,8 және Алматы қаласында — 1,85. Павлодарда — 2, ал Қарағанды облысында – 2,2, яғни қауіпті шекке жақындап қалды.

Ал еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан, Жетісу және Жамбыл облыстарында бұл көрсеткіш республикалық деңгейден әлдеқайда жоғары.

Әйелдер ерлерге қарағанда 8 жылға ұзағырақ өмір сүреді

2024 жылы республикада туғандағы күтілетін өмір сүрудің орташа ұзақтығы 75,4 жасты құраған. Қала халқы — 76,14 жас, ауыл халқы — 74,26 жас. Яғни қала тұрғындары ауыл халқына қарағанда ұзағырақ өмір сүреді екен. Ал әйелдердің өмір сүру ұзақтығы орта есеппен – 79,42 жас, ал ерлердікі — 71,33 жас болған.

Демографтың сөзінше, әйелдер мен ерлер арасында өмір сүру ұзақтығындағы 8 жас айырмашылық ұзақ жылдар бойы өзгермей келеді.

«2014 жылмен салыстырғанда, әрине, жағдай жақсарды деп айтуға болады. Өйткені соңғы он жылда өмір сүру ұзақтығы әйелдер арасында 4 жылға, ал ерлер арасында 5 жылға артқан. Осы тұрғыдан алып қарасақ, елеулі ілгерілеу бар», – дейді Сағынбаева.

Қазақстанға тән құбылыс

Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, әлемнің көптеген мемлекетінде экономикалық жағдай жақсарған сайын бала туу деңгейі төмендейді. Бірақ Қазақстанда жағдай басқаша.

«Бізде экономикалық жағдай жақсарғанымен, бала туу деңгейі төмендеген жоқ. Бұл – жеке зерттеуді қажет ететін ерекше құбылыс. Бізде бала туу стратегиясы өзгерген жоқ, басқа елдерде жағдай жақсарғанда бала аз туады. Бұл дәстүрмен, ұлттық менталитетпен, тарихи факторлармен байланысты болуы мүмкін. Сол себепті бұл мәселе демографтар мен әлеуметтанушылар тарапынан терең зерттеуді қажет етеді», – дейді ол.

Депутаттың пікірінше, демографиялық өсім – еліміздің болашағы үшін үлкен мүмкіндік. Халық саны өссе, тұтынушылар көбейеді, жұмыс күшінің жасарады. Бірақ, бұл үрдістің оң әсерімен қатар өз тәуекелдері де бар. Мәселен, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамту, жұмыспен қамту сияқты салаларға салмақ түседі.

«Егер біз жастарға сапалы білім беріп, жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайын жақсарта алсақ, онда бұл азаматтар ертеңгі күні салық төлеп, экономиканың дамуына үлес қосады. Жалпы, әлемде мынадай заңдылық бар: неғұрлым экономикалық жүйе үлкен, неғұрлым әртарапты, неғұрлым тұтынушылар саны көп болса, соғұрлым экономикалық жүйе тұрақты болады. Сондықтан да қазір кіші елдер экономикалық одақтарға бірігуге тырысып жатыр. Халық саны аз елдердің тұрақты экономикалық дамуы өте қиын болады. Себебі үлкен нарық ол экономикалық тұрақтылық», – дейді Әбіл.

Ауылдағы өмір сапасын көтерсе, қалаға ешкім көшпейді

Депутат Қазақстанда да демографиялық проблемалар барын жасырмады. Әсіресе, аймақтар арасында демографиялық диспропорция сақталып отыр. Солтүстік пен Шығыс Қазақстанда халық саны азайып барады. Ал еліміздің оңтүстігі мен батысында керісінше халық саны тез өсіп жатыр. Соның себебінен бұл өңірлерде жұмыспен қамту мәселесі өте өзекті.

«Біз осы диспропорцияны өзгертуіміз керек. Сондықтан артық еңбек ресурстарын оңтүстік-батыс аймақтардан солтүстік-шығысқа көшіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл оңай процесс емес. Ол үшін солтүстік өңірлерде тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту қажет. Сонда ғана көші-қон нәтижелі болады. Бұған қоса бізде урбанизация процесі қарқынды жүріп жатыр. Халық ауылдардан аудан орталықтарына, одан қалаларға, ірі мегаполистерге көшуде. Бұл үрдісті тоқтату мүмкін емес, бірақ оны өркениетті жолмен шешу керек. Қалалар миграциялық ағынға дайын болуы тиіс – инфрақұрылым, жұмыс орындары, әлеуметтік қызметтер жеткілікті деңгейде болуы қажет. Ауылдан қалаға көшкен азаматтың әлеуметтік жағдайы нашарлап кетпеуге тиіс. Қазіргі заманда технологияның дамуы ауыл шаруашылығына да әсер етті. Ауылдарда бұрынғыдай жүздеген мың адам қажет емес, сол себепті жұмыс орындарын да көптеп ашпайды. Сонымен қатар, қала мен ауыл арасындағы өмір сүру деңгейіндегі айырмашылық та халықтың қалаға көшуіне әсер етті. Осы миграциялық ағынды тоқтатудың бір жолы – ауылдағы өмір сүру сапасын барынша қаланың деңгейіне көтеру. Егер ауылда қажетті жағдай жасалса, кері көші-қон, яғни қаладан ауылға көшу процесі жүруі мүмкін», – деп пікір білдірді мәжілісмен.

Тағы бір маңызды мәселе – сырттан келетін миграция.

«Бір жағынан біз қандастарды елге қайтарып жатырмыз, екінші жағынан бізге басқа елдердің азаматтары келуі мүмкін. Мәселен, соғыс басталғанда Ресейден көптеген мигрант Қазақстанға келді. Мұндай жағдай болашақта да қайталануы мүмкін. Ал жалпы қазір Қазақстанға жаппай жұмыс күші қажет емес. Көптеген дамыған елдерде жұмыс күшінің тапшылығы байқалса, бізде керісінше еңбек ресурстары жеткілікті. Сондықтан бізге тек қажетті мамандық иелері қажет. Бұл – IT мамандар, дәрігерлер, инженерлер. Осы мақсатта «Ата жолы» картасы сынды бастамалар енгізіліп жатыр. Бірақ келешекте біз сырттан емес, өз ішімізден мамандар дайындауға ден қоюымыз керек. Ерекше, елімізде жоқ мамандық иелерін ғана сырттан тартуға болады», – дейді Еркін Әбіл.