“Қарттар үйін” жаппау керек!” дейді қоғам белсендісі

0
1095

Қарттар үйінің көбеюі қоғамдағы жастардың тәрбиесімен байланысты ма? Әлде қазыналы қарттарымыз өз бағасын жоғалтты ма, әлде қоғамның санасы өзгерді ме? YouTube AIRAN арнасының осындай маңызды сауалдарына  қоғам белсендісі Омар ЖӘЛЕЛ жауап беріпті деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы.

“Біз проблеманы жасырып, әрлеп отырмыз. Біз моральға салып отырмыз, Біз осылай үнемі жасырып, жабамыз. Балаларды кінәлап, проблеманы солардан іздейміз. Ал ұлы ақын Абай не дейді? “Малың болса, сені кім асырамайды?” дейді. Яғни, біздің қариялар қарттыққа дайындалмаған. Жұрт жақсы білетін “1+1” деген фильм бар.

Сол жерде тұтас денесі сал болып қалған кісі өзін бағатын адамды кастингпен таңдайды. Неге? Себебі оның ақшасы, байлығы бар. Ақшасы, мал-мүлкі бар адамның қарттық шағы да алаңсыз өтеді. Егер “Қарттар үйіндегі” ата-апалардың ақшасы, жиған мал-мүлкі, байлығы болғанда, балалары тастамас еді. Қайта “мен бағам” деп өзара таласар еді” деген Омар Жәлел кез келген кісі бойында күш-қуаты барда мал-мүлік жинауды, қарттық өмірін солай сақтандыру керегін айтады.

“Қарттар үйі керек пе?” деген сұраққа Омар Жәлел: “Талай куә болдық, келіні мен баласы күн көрсетпей, талай қарияның далада қалғанын көзбен көрдік қой! “Қарттар үйі” қариялардың аман қалудың ең дұрыс жолы деп санаймын. “Қарттар үйі” болмаса, баласы, келіні қуып жіберген қариялар қайда барады? Біз проблемаға тек бір жақты қараймыз. Ал шындығында “Қарттар үйін” жабуға болмайды”,- дейді.

“Біздің қазақ баласы үшін өмір сүреді. Егер сен бала үшін емес, өзің үшін өмір сүрсең,бала саған қарап өседі. Адам бала үшін өмір сүрмеуі керек! Керісінше, бала саған қарап, сені үлгі тұтып өмір сүруі керек”,- деген Омар Жәлел көп қарияның өмірін баласына арнап, соның салдарынан депрессияға ұшырап, ажал құшатынын айтады.

Дайындаған, Ұлжан БАҚЫТ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.