“Қаза қайырлы болсын” деп көңіл айтуға болмайды

Біздің парасаты мол, мұсылман қазақ «Кез келген адамда азды-көпті иман болады» деп, әр пенде туралы жақсы ойлаған. Сондықтан қайтқан адамның артынан «Иманы саламат болсын!», «Иман байлығын берсін!», «Иманы жолдас болсын!», «Иманы серік болсын!» деп дұға қылып, марқұмның туған-туыстарына «Қазаның арты қайырлы болсын!», «Ақыры қайырлы болсын!», «Артының қайырын (жақсылығын) берсін» деп көңіл айтқан.
Ал бірақ «Қайырлы болсын!», «Иманды болсын!» деп қысқа қайыра салу онша дұрыс емес (Бір байқағаным – бұлай деуге тілі орысша шыққан қазіргі «современный» қазақтар мен орыс тілінде әредік қаралы хабар жариялайтын сайттар бейім).
Әңгіме олай айтудың, ең бастысы, мағынасы жағынан әнтек екендігінде. Әсіресе «Қаза қайырлы болсын!» деген сөз кей құлаққа түрпідей тиюі мүмкін.
Өйткені кісісі өліп, қайғыдан қан жұтып отырған адамға солай десеңіз, мазақ сияқты (синонимдес «Құтты болсын!» деген тілек тәрізді) естіліп, көңіліне ауыр алуы ықтимал. Сондықтан «Қазаның арты қайырлы болсын!» деп толық айтқан абзал.
«Иманды болсын!» деу де сол сияқты. Негізі, «Ұлдарың иманды болсын, қыздарың ибалы болсын!» деген – батаның сөздері, яғни игі лебіз, ізгі тілек. Өйткені Аллаға адам тірісінде иман келтіреді. Әдетте жақсы адам туралы да сыртынан «Иманды кісі» деп сүйсіне, мақтай айтып жатады ғой.
…Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қуандық Шамахайұлы ағамыз қайтқан кезде фейсбуктегі қазанаманың астына бір танысы «Иманды болсын!» деп айтқым келмейді, ол онсыз да иманды адам!» деп егіле пікір жазғаны есімде. Сол – дұрыс ой.
Қысқасы, «Иманды болсын!», «Қайырлы болсын!» деп шолтитпай, «Иманы саламат болсын!» немесе «Иманы жолдас болсын!» яки «Иманы серік болсын!», «Қазаның арты қайырлы болсын!» дегендей толық айтуға дағдыланған жөн. Қиын емес қой?!
Р.S. «Онда тұрған не бар?», «Қазақта баяғыдан қалыптасқан нәрсе», «Нұрлан имам дұрыс деді ғой», «Иманды болсын» деу қате емес» деп бұра тартып, қарсы-қыңыр пікір жазатындар шығарын білем.
Иә, бәлкім, кешірілмейтін күнә, соншалық сұмдық қате емес шығар. Бірақ пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Барлық дұрыстың арасынан ең дұрысырағын (абзалырағын) алыңдар» деген мағынада кеңес берген өсиет-хадисі барын да ескерейік, жәмиғат!
Батырболат Айт-Болатұлы, қоғам белсендісі.
Фото көрнекілік үшін.