Қаза шыққан қаралы үйді төпелеу қаншалықты дұрыс?

0
319

Ортаға ой тастасам деймін, не айтасыздар? Естісі азайған елден не шықпас?

Біз қазақ қашаннан өмірден озғанға құрмет көрсетуді парыз санаймыз. Жақсылап шығарып салып, жетісін, қырқын, жылын, кей өңірде жүзін беріп, құран оқытамыз.

Бәрі де жөн, алайда осы шаралардың қайсын да өткізу оңайға түспейді. Әлгі “Бардың малын шашамын, жоқтың артын ашамынның” нағыз өзі.

Мәселен, туыстас түрік жұртының қазаның артын күтуі жақынын жоғалтқан үйге салмақ салмайды. Жерлеуіне гүлдерін әкеліп, соңынан құран оқығаннан соң марқұмның рухына бағыштап тәттілерін жейді де тарасады.

Бата да жасалмайды. Соған қалыптасқан. Әрине, мен дәл түрік бауырлар жасағанды істейік демеймін, алайда жақынын жоғалтып, жандары жаралы, бастары қаралы болып отырған үйдің қонақ күтеміз деп сабылғанын ұнатпаймын.

Соңғы кездері, қайтқан күні жақын-жуыққа ( Торғайда туғанда бір шілдехана, өлгенде бір шілдехана дейді) жайылатын дастарқаннан басқа, екінші күні қонақасы деп ұлан-асыр кісі шақыруды шығарған.

Дәл осы дастарқанды мүлде артық деп ойлаймын. Оған келетін адамдардың саны 200-300 адамға кетеді. Ал үшінші күні, жерлеп қайтқан соң тағы да 500-600 адамға дастарқан жайылады.

Осылайша қаза шыққан үйді төпелеу қаншалықты дұрыс? Мың шақты адамға ас әзірлеу, оларды күту, мейрамхана жалдау, ұсақты айтпағанда бірнеше ірі мал сою оңай ма?

Және әр дастарханды қайыстырып жасау да әдетке айналып бара жатқандай. Қысқасы өлік жөнелтудің салмағы артында қалғандарға оңайға түспейді.

Менің ойымша, бұлай жасау бір жағынан дарақылықтың көрінісі, екінші жағынан елде естілердің азайғандығының белгісі. Әйтпесе, сол жердің, ауыл, қаланың ақсақалдары, туыстарының үлкендері айтпай ма.

Бұлай жасау жаныашымастық, онсыз да қайғыдан бүгілген жандарды бұлай қинауға болмайды, ел болып осындайды тоқтатайық.

Тірілердің жалған намысы мен арзан бәсекесінен аруаққа тиер пайда жоқ, қайта ысырапсыз арты күтілуін қамтамасыз етейік. Артында қалған жақындарының қиналғанын сезу аруаққа да ауыр тиер, бұлай жасауға болмайды деп.

Сіздер не ой айтасыздар?

Баяғыда қаза шыққан үйде ас та әзірленбейтін. Жақын-жуық, көрші-көлем ас-суын көтере келетін. Және той мен қазаға жайылатын дастарқанның айырмасы болатын.

Жарайды, заманмен бірге салт-санаға да өзгеріс енуі заңды шығар, өзгерсін, бірақ дәл осы шабыла дастархан жаю артық деп ойлаймын. Осыны ретке келтіру керек ақ тәрізді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, журналист.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.