Қазақ балабақшадағы орысша ертегі — ұлттың тамырына балта шабу емес пе?
Былтыр Тоныкөкті балабақшаға бердік. Күзде. Шешесі үй жақтан іздеп жүріп, тек қазақша тәрбие беретін әрі ішкі жағдайы жақсы деген соң келістім. Барып көрдім. Ұнады. Бағасы 125 мың теңге. Өліп-тірілсем де сол ақшаны тауып беріп отырамын деп өзіме серт еттім. Таптым. Бірақ…
Бірақ 3 ай өткен соң келіншегім әдеттегідей “Тонның видеосы” деп жібере салған видеоны көрдім. Қаным басыма шапты. 7-8 кішкентай бүлдіршіндерді айналдыра отырғызып қойып, ортада жүзі қазақ апайым орысша ертегі оқып отыр.
Ана балалардың ішінде 2-3 бала, соның қатарында менің ұлым да бар, не айтып жатқанын түсінбей, біресе желкелерін қасып, біресе бір-біріне қарап таңданып отыр. Әкімшілігіне қоңырау шалдым:
— Кешіріңіз, мен қазір бір видео алдым. Неге кішкентай балаларға орысша ертегі оқып отыр? — дедім.
— Бізде қазақша түсінбейтін балалар да бар, бәрі түсінетін болған соң солай оқып жатыр, — деді.
— Мен 125 мың теңгені “бәрі қазақша” деген үшін ғана төлеп отырмын, жай ма сіздердікі?
— Жоқ, оның үстіне ол орыс халық ертегісі ғой, орысша оқиды ғой, — деген кезде даусым қатты шықты білем:
— Әй, көке! Сіздің есіңіз дұрыс па? Сонда француз халық ертегісін француз тілінде оқисыздар ма? Мыналарыңыз тіпті басыну ғой, — деп едім. “Келесіде ескереміз” деп жауап берді де, телефонды қоя салды.
Жұмыстан шықтым да, балабақшаға барып, баламды алып кеттім. “Ақша қайтпайды” деп арсылдап тұр. “Ақшаны табам, бірақ ертең қазақша сөйлейтін бала таппай қалам” дедім де шығып кеттім.
Қазір басқа, тек қазақша оқытатын балабақшаға барып жүрміз. Бүгін заттарын алдық. “Әке” деп дүкеннің ішінде айғайлап жүр. Жаның кіреді.
Марғұлан АҚАН, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.