Қазақ киносы үшін ұялдым

0
166

Соңғы уақытта саңырауқұлақтай қаптаған отандық фильмдерге қатысты танымал продюсер Серік Аббас-Шах пікірін білдіріп әлеуметтік желіде жазба ұалдырды деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы.

Астана-Алматы бағытындағы ұшақта қазақстандық фильмді тамашалаған продюсер: “Осы киноға кинотеатр кассаларынан миллиард теңгеден астам ақша түсті деген хабарды оқып естіп (фильмді көрмесем де) қуанғанмын.

Ал кеше ұялдым, қатты ұялдым.

Осындай “фильмдерді” топырлатып түсіріп жатқан іні-қарындастарым үшін ұялдым, осындай “фильмдерге” түсіп жатқан актерлер үшін ұялдым, осындай “фильмдерді” іздеп барып тамашалайтын көрермен үшін ұялдым”,-деп жазады.

Сонымен қатар ол қазіргі қаптаған отандық кинолардың сапасына қатысты: “Көпшілікке ұнаса болды емес пе, не шатағың бар дейтін шығарсыз?

Шатағым жоқ әрине… Менің дауысым азшылық ішінде болса ештеңе шешпейді әрине. Оны жақсы түсінемін.

Бірақ елге үлгі алатын нәрсе болатынын және оған керісінше ел жиіркенетін нәрсе де болатынын ұмытпайықшы.

Сахна, экран деген ұғымдарға құрметпен қарамасақ та сақтықпен қарау керек деп ойлаймын. Абай болу керек. Ол малқора немесе мусор жәшігі емес қой, ол әжетхана да емес (қоқысыңызды немесе нәжісіңізді төге салатын).

Сахна мен экрандағы дөрекілікке бойы үйренген адам, күнделікті өмірде одан зорын істей бастауы мүмкін. Бұдан кейін қоғамдық орындарда жаныңыздан өтіп бара жатқан біреулер жел шығарып, екінші біреулері сіз тамақтанып отырған столдың алдына былш еткізіп түкіріп кетіп бара жатса, таңданбаңыз, бірақ бұларды қойшы, тағы біреу көшенің қақ ортасында кіші немесе үлкен дәретімен әуре болып жатуы да мүмкін.

Мұндай көріністер онсыз да бар ғой дейтін шығарсыз. Бар әрине. Бірақ мұның бәрі көпшілікке оғаш көрінеді (әзірге). Ал ертең олар мұны қалыпты құбылыс деп қабылдайтын болады. Қазір азшылық жасайтын азғындықты көпшілік жасай бастайтын күнге жетеміз. Күлкілі ме? Күлкілі… Ертең жылап жүрмеңіз.

Бұған киноның не қатысы бар дейсіз бе? Тікелей қатысы бар. Жақсы кино жақсылыққа, жаман кино жамандыққа жетелейді”-деп жазды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.