Қазақ-қырғыз көкпарының реваншы болмайды

0
172
Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов көкпардан қазақ-қырғыз дауына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, көкпардан реванш болмайды. Қазақстан 2026 жылы өтетін ойындарға дайындалады.
«Қырғызстан көкбөрі федерациясы басшысының ұсынысын көрдім. Абсурд қой. Кейін өзіміздің салаға жауапты мамандармен сөйлестім. Қысқасы, қараша айында реванш болмайды. Оның ешқандай мәні жоқ және оны өткізуге ешқандай негіз де жоқ. «Ойын екі халық арасында алауыздық тудырмауы керек. Біз халықтарымыздың келісімі үшін жеке амбициялардан бас тартуға дайынбыз» — деген пікірді алға тартыпты. Ендеше сәл тереңірек ойланайық. Жоқ жерден дау шығарып, көк туымызды құрметтемеу, әнұранымызды тыңдамау, нені білдіреді? Кімдер осындай қадамға барды? Жеке амбиция деген не? Қазақтың жерінде қазақтың спортынан ұтып, әлем алдында масқара қылып кету ме? Ендеше, ренжімеңіз. Сіздердің жоспарыңыз орындалмағанына біздің жігіттер кінәлі емес.
Сіздердің ғана көңіліңізге қарап, жеңіліп қалуға тағы болмайды. Бұнда да қалың ел бар. Олардың да қуануға қақы бар. Оны неге ескергіңіз келмейді? Оны неге шетке сырып тастадыңыздар?
Одан кейін Қазақстан тарапы финалдан кейін кешкісін дастархан жайып, диалогқа шақырды. Командадағы жігіттердің бірі келмеді. Екі халықтың келісімі үшін сол кезде неге жеке амбициядан бас тартпадыңыз? Ойын ойынымен. Бірақ, сол кезде-ақ дастарханда отырып, бір тоқтам жасауға болатын еді ғой. Жарайды. Бұның барлығы эмоция.
Реванш болмайды. Оны айта берудің қажеті де жоқ деп ойлаймын. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы келесі матч 2026 жылы өтеді. Соған дайындаламыз…» — деді журналист.