Қазақ төрге кімді не үшін шығарған?

0
202

Таяуда әлеуметтік желі қолданушының бірі Алтынай Омар “Осы қазақ қызының мысын басу, Қоғамдық орында да сен қызсың деу кеңес заманында қалыптасты ма? Тарихшылар не дейді?” деген сауал тастады.

Жалпы, қазақ халқында әйелді кемсіту, еркектен төмен ұстау, тіпті кей жағдайда күң ретінде қарау үрдісі мен түсінігі әу бастан бар ма еді? Тарихқа көз салсақ,атқа қонып, ел қорғауға ер-азаматпен бірге шыққан батыр аналарымыздың, түрлі дау-дамайда төрелік айтқан, бір ауылдың жауапкершілігін мойнына жүктеген данагөй апаларымыздың болғанын білеміз.

Сөзіміздің дәлелі ретінде бүгінге дейін бұзылмай сақталып келе жатқан “қызды төрге шығару” әдетін айтар едік. Жалпы, сіз білесіз бе, қазақ кімді төрге шығарған? Қазақ төрге аты айтып тұрғандай, төрелік етуге дірежесі жетерлік деңгейдегі сыйлы кісіні шығарған. Қазақтың төріне ең бірінші сол шаңырақтың үлкені мен сол рудың кез келген қызы шығарылады екен.

Басқа аймақты қайдам, Түркістан облысында бұл әдет әлі күнге дейін сақталған. Төркіндеп ауылға бара қалсақ, ағайын-туыстың кез келгенінің үйіндегі төрге бірінші үлкендер, сосын қыздар шығады. Байқасаңыз, тіпті тойларда да қыздар жаңа құдалар тарапында отырады. Демек, қазақ қызын төрелік айтатын төрге отырғызып, ерекше құрмет көрсеткен.

Алайда қазір қызды кемсіту, әйелді екінші орынға ысыру секілді надани түсінік қайта күш алып келеді. Бірнеше қызбен төсектес болып, ертесіне “талақ” деп ажырасу, әйелін көкала қойдай сабау, тұмшалап орап тастау, той-жиында әйел-еркек болып бөлініп отыру секілді дәстүрімізде жоқ дүниелерді тықпалайтындар көбейді.

Мұның бәрі қайдан келіп жатқанын ішіңіз сезген болар? Осыған ұқсас бір тақырыпта бір сауатсыз еркек “әйел-еркектен төмен. Еркекпен тең болғысы келсе, боксқа шықсын, тау қопарып, тас тасысын, көрейік күшін” деп жазғаны бар еді. Жақсы, әйел тау қопарып, тас таси алмағаны үшін еркектен төмен дейік.

Олай болса, қай еркек тоғыз ай құрсағында бала тасып, оны дүниеге әкеле алатындай күшке ие екенін кім айтады? Қоғамды еркек-әйелге бөлетін жат наным-сенімдерден арылып, өз тамырымызға қайта оралатын кез келген жоқ па, қалай ойлайсыз?

Әлия БОЛАТҚЫЗЫ,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.